Мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дербес анықтай бастады

5 Желтоқсан 2022, 16:10
1474
Бөлісу:
Мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін дербес анықтай бастады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі Антикордың жұмыс шеңберімен шектелмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
 

Барлық мемлекеттік органдарды және әрбір басшыны сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға белсенді тарту мақсатында Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар тобын әзірледі.

Жобалар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс сияқты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс - қимыл шараларының негізінде әзірленді.
 

Ағымдағы жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдаумен әкімдіктердің 300-ден астам облыстық басқармасы қамтылды, оның барысында 2600-ге жуық сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды, оның ішінде 1800-ден астамы жойылды. Орталық мемлекеттік органдар деңгейінде 450-ден астам сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. 
Бұл туралы осы жылдың 30 қарашасы мен 1 желтоқсанындағы жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар аппараттары басшыларының қатысуымен Агенттік Төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малаховтың төрағалығымен өткен кеңестер барысында айтылды, - деп хабарлады Антикордың баспасөз қызметі.
 

Жобалық тәсіл жауапкершілікті жекелендіруге, нақты және өлшенетін индикаторларды орнатуға мүмкіндік берді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралдардың орындалу сапасын қамтамасыз ету үшін жобаларды мониторингілеу және бағалау жүйесі әзірленді.
 

Кеңес барысында бірнеше өңірдің оң жағдайлары айтылды. Мысалы, БҚО-да тәуекелдерді талдау нәтижелері бойынша 11 млрд. теңгеден астам үнемдеуге қол жеткізілді, сондай-ақ бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша материал тіркелді. Осыған ұқсас мысал Қостанай облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау барысында 1,3 млн. теңге сомасына бюджет қаражатын ұрлау фактісі анықталды. Ал Қарағанды облысында мүгедектерді санаторий-курорттық емдеу бойынша нақты көрсетілмеген қызметтер үшін жеткізушіге 1,4 млн. теңге сомасына заңсыз төлемдер фактілері анықталды, - делінген ақпаратта.

Жобалық тәсіл сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды ретке келтіруге және барлық мемлекеттік органдардың сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік берді.

Агенттік мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кешенді жұмысты жалғастырады. 

Өзгелердің жаңалығы