Мопедтер мен скутерлерді міндетті тіркеу басталған 18 қаңтардан бері Батыс Қазақстан облысында 20 мопед тіркелген. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне БҚО полиция департаментінің процессингтік орталығының бастығы Асқар Сәлімов мәлім етті.
Елімізде 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер мен скутерлерді міндетті тіркеу талабы күшіне енетіні мәлім. Заңнамадағы бұл өзгерістер мопедтерді механикалық көлік құралдарына теңестіреді. Аталған күннен бастап тек полицияда тіркеуден өткен мопедтерді пайдалану "А1", "А" және "Б" санатындағы жүргізуші куәлігі бар тұлғаларға азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырғанда ғана рұқсат етілмек.

Мопедтерді тексеруден өткізіп, тіркеу үшін оралдықтар Жәңгір хан көшесіндегі Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіне алады. Азаматтар мемлекеттік баж салығына 983 теңге, тіркеу куәлігін алу үшін 4915 теңге және мемлекеттік нөмір алуға 5505 теңге төлеуі тиіс. Сәуірге қарай үлкен кезек болуы ықтималдығына байланысты мопедтерді тіркеу және жүргізуші куәлігін алуды кейінге қалдырмауға кеңес беремін, - дейді процессингтік орталық бастығы.
Облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының мамандары бүгіннен бастап қаланың әр бөлігінде түсінік жұмыстарын жүргізуге кірісті. Олармен бірге криминалды полиция басқармасының қызметкерлері көлік құралдарын вин-кодтары бойынша тексереді. Егер вин-код болмаған жағдайда техника иесі әкімшілік полицияға өтініш жазуы тиіс.
Тайыр Жәнібек