Мемлекеттік бағдарламаны пайдаланған жетісулық арулар бизнестерін дамытып отыр

18 Шілде 2021, 19:27
1472
Бөлісу:
Мемлекеттік бағдарламаны пайдаланған  жетісулық арулар бизнестерін дамытып отыр

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысында шағын және орта бизнесте жаңа кәсіп ашуға әйелдер батыл кірісуде. Олар мемлекеттік бағдарламалар көмегінің арқасында жеке істерін дөңгелетіп отыр, деп хабарлады облыстық әкімдік баспасөз қызметі.

Мәселен, Ұйғыр ауданының тұрғыны Юлдуз Тураева тоқыма бұйымдарын өндірумен айналысса, текелілік Гүлдана Өміртайқызы кофейня ашып, игілігін көре бастады. Екеуі де нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасына сәйкес «Бастау бизнес» оқыту жобасына қатысып, грантқа ие болған.

Юлдуз Тураеваның айтуынша, оның әуел бастан ісмерлікке қабілеті мен қызығушылығы ерекше болған. Сондықтан ол осы бағытта жеке бизнесін ашуды жөн көрген. Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққан. Кейін «Жас кәсіпкер» бағдарламасы аясында 500 мың теңге көлемінде грантқа ие болып, бұл қаржыға қажетті тігін машиналарын сатып алды, сөйтіп өз цехын ашқан. Бұл істен өзі ғана пайда тауып отырған жоқ, сонымен қатар 7 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отыр.

Біз жасаған өнімдер «Baby comfort» брендімен «Шонжыда жасалған» маркасымен шығарылады. Қолымыздан шыққан бұйымдарға өз ауданымыздан бөлек Панфилов, Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарынан да сұраныстар түсіп жатады. Сондықтан алдағы уақыта шеберхананы кеңейтіп, жұмыс орнының санын арттырсам деймін, – дейді Юлдуз Тураева.

Шағын шеберханасында ісмерлер қалыңдықтың жасауы, көліктерге қажет перделер, ас үй бұйымдары сияқты тұрмысқа қажетті заттарға тапсырыс қабылдайды. Ю. Тураева болашақта балаларға арналған киімдер тігуді де қолға алмақшы.

Ал Текелі қалалық әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жас кәсіпкер Гүлдана Өміртайқызы мемлекеттік грант есебінен кофейня ашқан. Оның бұл бастамасына «Бизнес бастау» арқылы оқуы үлкен сеп болды. Үш баланың анасы Гүлдана «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы аясында 2 млн теңге грантқа ие болып, қоғамдық тамақтандыру орталығын ашуға қажетті құрал-жабдықтар сатып алды. Қаланың орталығында орналасқан «MELISSA» кофейнясында қазір 3 адам жұмыс істейді. Онда кофе және басқа да сусындардан бөлек, кондитерлік өнімдер де пісіріледі.

Кәсіпкерлер палатасы Текелі қалалық филиалының директоры Тұрысбек Жұмаділов тек биылдың өзінде «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды 73 адам аяқтағанын айтады.

Жалпы биылғы жылы Алматы облысында «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары және «Жетісу» өңірлік бағдарламасы шеңберіндегі қаржы көлемі 23 млрд теңгеге жеткізілген. Бірінші жарты жылдықта сомасы 7,5 млрд теңгелік 990 жоба қаржыландырылып, 2750 тұрақты жұмыс орны ашылған.

Өзгелердің жаңалығы