Мемлекет мүгедек баласы бар отбасыларға 27,2 млрд теңге жәрдемақы төлеген

9 Шілде 2021, 14:27
3346
Бөлісу:
Мемлекет мүгедек баласы бар отбасыларға 27,2 млрд теңге жәрдемақы төлеген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылдың 6 айында мүгедек баласы бар отбасыларға 27,2 млрд теңге жәрдемақы аударылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов айтты.

Мемлекеттік бюджеттен мүгедек бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді. Жәрдемақы мөлшері бүгінгі таңда 48 023 теңгені құрап отыр. Осы жылдың 6 айының ішінде 92 259 отбасыға 27,2 млрд теңге мөлшерінде жәрдемақы төленді. Осындай қосымша көмектің бірі мүгедек бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де беріледі. Яғни сәби кезінен 1-топтағы мүгедек балаға 18 жастан асқаннан кейін де аталған жәрдемақы жалғасады, - деді Асхат Ниязов.

Оның көлемі де 48 023 теңге құрайды екен. Бұл жәрдемақыны қазіргі уақытта 15 038 отбасы алды. Осы жылдың 6 айында төленген жәрдемақының жалпы сомасы 4,4 млрд теңге болған.

Сонымен қатар ол жұмыс істейтін әйелдерге мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы жұмыс беруші аударған қаражат есебінен төленетін төлем туралы да айтты.

Ол - жүктілікке және бала босануына байланысты табысынан айырылуына орай 1 жыл берілетін әлеуметтік төлем. Жүктілікке байланысты төленетін жәрдемақының қазіргі уақыттағы орташа көлемі 540 мың теңгені құрап отыр. 2020 осы мақсатқа 96,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қаражат төленді. Бала туғаннан кейін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер бала 1 жасқа толғанға дейін жүргізіледі. Былтырғы жылдың қорытындысында мұндай төлемді 106,4 млрд теңге көлемінде 501 мыңнан астам азаматша алды. Қазіргі уақытта бұл жәрдемақының орташа көлемі 31 мың теңгені құрап отыр. Биыл жоғарыда аталған екі әлеуметтік төлем үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 253,8 млр теңге қарастырылыған, - деді департамент басшысы.


Өзгелердің жаңалығы