Мемлекет басшысы Үкімет пен депутаттық корпусқа тиісті міндеттер жүктеді - Әшімбаев

29 Наурыз 2023, 19:52
749
Бөлісу:
Мемлекет басшысы Үкімет пен депутаттық корпусқа тиісті міндеттер жүктеді - Әшімбаев
Фото: Ақорда

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Үкімет пен депутаттық корпусқа тиісті міндеттер жүктегенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ашылды. Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент сайлауында бәсекелестік пен азаматтық белсенділіктің жоғары болғанын атап өтті. Соның нәтижесінде Мәжіліске қазақстандық қоғамның бүгінгі идеологиялық көзқарасын білдіретін алты партия өтіп отыр. Ал, депутаттардың бір мандатты округтер бойынша және өзін-өзі ұсыну арқылы сайлануы Парламентте әртүрлі әлеуметтік топтың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді, - деді Әшімбаев.

Ол Мемлекет басшысы Үкімет пен депутаттық корпусқа тиісті міндеттер жүктегенін айтты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде еліміздің жаңа кезеңдегі даму басымдықтарын белгілеп, Парламенттің алдына нақты міндеттер қойды. Соған сәйкес жоғары өкілді орган еліміздің қарқынды дамуы үшін сапалы заңнамалық база қалыптастыруы керек. Алда тұрған міндеттердің бірі – кәсіпкерлікті экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру. Сондықтан іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет. Ол үшін шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытудың тиімді шаралар кешенін қолға алған жөн. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкімет пен депутаттық корпусқа тиісті міндеттер жүктеді, - деді ол.

Сонымен қатар Президентіміз жеке меншікті қорғау нарықтық экономиканың негізі екенін ескеріп, сот және құқық қорғау жүйесін реформалауды жалғастыру қажет екенін айтты. 

Сондай-ақ еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыруға және инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау аса маңызды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам капиталының сапасын арттыру, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау мәселелері де басты назарда. Одан бөлек, адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту ісі жалғаса береді. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру міндеті де жүктелді. Мемлекет басшысы елімізді дамыту бағдарын іске асыру үшін сапалы парламенттік бақылаудың маңызды екеніне назар аударды. Сондықтан депутаттар азаматтармен кері байланыс орнатып, олардың мүддесін дәйекті түрде қорғау арқылы билік пен қоғамның арасындағы алтын көпір болуға тиіс. Мұның бәрі VIII сайланған Парламенттің алдында ауқымды және маңызды міндеттер тұрғанын көрсетеді. Оларды іске асыру жолында Сенат депутаттары азаматтық қоғаммен тұрақты диалог құрып, ортақ мүддеге сарапшылар мен белсенді азаматтарды жұмылдыра отырып жұмыс істейді, - деді Әшімбаев.

Өзгелердің жаңалығы