Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Пасха мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Пасха мерекесімен құттықтады
887

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Пасха мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Құрметті отандастар!

Еліміздің православ христиандарын Пасха мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 

Бұл – діндарлар үшін үміт пен сенімге толы, ерекше қуанышты күн. Пасха мейрамы жұртшылықты ізгілікті істер жасауға ынталандырады, жақындарына жанашырлықпен қарап, мұқтаж жандарға көмек көрсетуге жетелейді. 

Біздің мәдениетімізбен тығыз астасып, үйлесім тапқан пасха дәстүрлері барлық этнос және діни наным өкілдерін бауырластыра түседі. Сондай-ақ, отбасылық құндылықтарды, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді нығайтуға септігін тигізеді. 

Пасха мейрамы әр шаңырақты шаттыққа толтырып, бақытқа бөлесін! 

Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін! – делінген Президент құттықтауында.


Фото: ашық дереккөз