Мемлекет басшысы Халықаралық шахмат федерациясының президентін қабылдады

29 Қыркүйек 2022, 12:59
1260
Бөлісу:
Мемлекет басшысы Халықаралық шахмат федерациясының президентін қабылдады
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Аркадий Дворковичті Халықаралық шахмат федерациясының  президенті лауазымына жуырда қайта сайлануымен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты мәлімдеді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысына Астанада әлемнің 12 мықты шахматшысының басын қосқан ФИДЕ Гран-при әйелдер сериясының бірінші кезеңінің өткізілуі туралы мәлімет берілді. Қасым-Жомарт Тоқаев осындай деңгейдегі іс-шараларды өткізу еліміздегі шахмат спортының дамуына елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Халықаралық шахмат федерациясының президентін қабылдады

 Қазақстанда шахмат кеңінен танымал, әсіресе, балалар мен жастар арасында. Бізде 7 мыңнан астам секция жұмыс істейді, дегенмен бұл көрсеткішті кемінде екі есе арттыруға тиіспіз. Қазір шахматпен 200 мыңнан астам адам айналысады. Қазақстандық шахматшылар халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп жүр. Біз бұл спортты қолдауға баса мән береміз. Шахматты дамытудың Жол картасы әзірленді. «Мектептегі шахмат» ауқымды жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Өз кезегінде Аркадий Дворкович Қазақстанда шахматты жеке қолдағаны және танымал спортқа айналдырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, ФИДЕ шахматты мектеп бағдарламасына енгізу жөніндегі халықаралық тәжірибесін бөлісуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар олар Қазақстан мен ФИДЕ арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасып, елімізде ірі халықаралық турнирлер өткізу перспективаларын талқылады. 

Өзгелердің жаңалығы