Мемлекет басшысы: Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – мақтанатын көрсеткіш емес

7 Ақпан 2024, 12:07
339
Бөлісу:
Мемлекет басшысы: Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – мақтанатын көрсеткіш емес
Фото: BAQ.KZ - архив

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажетін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ол аталған салаға бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейдегі банктерден қаражат тартқан жөн екенін атады. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады. Бұл шаралар ауыл шаруашылығының жалпы өнімін 2 есе арттыруға жол ашады, - деді ол. 

Сондай-ақ минералды тыңайтқыш себуді ғылыми негізі бар қажеттіліктің тым болмағанда жартысына жеткізуге мүмкіндік беретінін жеткізді.

Бір гектар жерден 10 центнер өнім алу – еліміз үшін мақтанатын көрсеткіш емес. Демек, Қазақстандағы кәсіпорындарда сапалы тыңайтқыштар өндірілгенімен, агрохимия саласында мүлде жұмыс істелмейді. Мен былтырғы Жолдауымда осы салаға қатысты нақты тапсырма бердім. Үш жыл ішінде агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу туралы міндет қойылды. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жасалып жатқан жоқ, - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда тек шикізат өндірісіне ғана сеніп отыруға болмайтынын айтты.

Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеумен белсенді түрде айналысу керек. Үкімет осы мәселеге айрықша назар аударуға тиіс. Ауыл шаруашылығымен шұғылданам деушілердің санын мейлінше көбейту керек. Дақыл түрін көбейтіп, егіннің шығымын арттырып жатқан диқандарға жан-жақты қолдау көрсеткен жөн, - деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Президент бірыңғай жер салығын қолдану мәселесін қайта қарастыру қажет екенін баяндады.

Өзгелердің жаңалығы