Мелдешов: Біздің қоғамның алдында екі-ақ жол бар

27 Наурыз 2021, 11:19
2295
Бөлісу:
Мелдешов: Біздің қоғамның алдында екі-ақ жол бар
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Адами капитал – кез келген мемлекеттің дамуының іргетасы, сол елдің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілеттілігінің маңызды көрсеткіші. Дамыған елдер қатарына енуге ниетті Қазақстан үшін бұл фактор өте маңызды. Ендеше, білікті маман тапшылығымен қалай күресеміз? Бұл тұрғыда жоғары білім беру жүйесінің рөлі қандай? Бұл сұрақтарға Bolashaq Development Fund жетекшісі Жанболат Мелдешов жауап береді.

- Жанболат Жарылқасынұлы, әңгімені мына сұрақтан бастайықшы. Қазақстанда адами капиталдың дамуы қаншалықты өзекті? 

- Сұрағыңызбен келісемін. Дегенмен, әңгімені Қазақстанда біршама парадоксалды жағдайдың қалыптасқандығынан бастасақ: халық саны артып келеді, қызметкерлердің соңғы тенденцияларын ескере отырып, біліктілікке деген талап та өсіп келеді. Соған қарамастан, кез келген салада білікті маманды қысқартып жіберу секілді көңіл көншітпейтін жағдайлар да бар. Ал шын мәнісінде, бұл – инвестиция тартуға және елдің дамуына кедергі болатын негізгі

мәселелердің бірі. Егер сіз Қазақстанда зауыт салғыңыз келсе, кадр тапшылығына тап боласыз. Бұл – құпия емес!

Сіз оларды таба алмайсыз! Әңгіме шетелдік инвесторлар туралы ғана емес, отандық кәсіпорындар да кадр тапшылығын сезініп отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл – Қазақстанда адами капиталды дамыту ерекше өзекті екенін, тіпті оны өмірлік қажеттілік деп те айтуға болатынын көрсетеді.

  - Сіздің ойыңызша, бұл мәселені қалай шешуге болады? Оның тетіктері бар ма бізде? 

- «Ол үшін не істеу керек?» - деп сұрағыңыз келіп отыр ғой. Айтайын. Ең алдымен – жоғары, кәсіптік және мектептік білім беру жүйесін дамытып, жаңарту қажет. Және бұл жұмысты дәл бүгіннен бастау керек! 

Менің ойымша, Қазақстандағы адами капиталды екі жолмен дамытуға болады. 

Алғашқысы – инфрақұрылымды дамытып, білім беру хабын құру, бәсекелестік ортаны жақсартып, шетелдік оқытушылар мен студенттерді тарту арқылы; 

Екінші нұсқа – студенттерімізді шетелдік университеттерге оқуға жіберу; 

Біз қарапайым, бірақ өзгермейтін шындықты түсініп, қабылдауымыз керек. 

  - Ол қандай шындық? 

- Ол – адами капиталды дамыту. Яғни адами капиталды дамыту – экономиканы дамытудың негізгі тұтқасы екенін мойындауымыз керек. Біздің қоғамның алдында екі-ақ жол бар. Біз азаматтарға сапалы білім береміз, олар экономиканың драйверіне айналады. Немесе білімсіздер елдің ауыртпалығына айналып, масыл болып әлеуметтік көмекке кезекке тұратын болады. Үшінші жол жоқ. 

  - Жаңа бір сөзіңізде студенттерді шетелдік университеттерге оқуға жіберу жайлы айттыңыз. Бұған дейін Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашудың орынды екендігі туралы бірнеше рет айтылған еді. Бірақ айтылған ұсыныс, айтылған жерінде қалған секілді... 

- Иә, айтылған ой айтылған жерінде қалды. Ал бір қызығы және ең бастысы – шетелдік университеттер бізде филиал ашуға қызығушылық танытады! Мен өз кампустарын ашу туралы келіссөздерімен келген бірнеше шетелдік университеттердің өкілдерімен сөйлестім. Алайда, өкініштісі, әзірге бәрі ниет деңгейінде қалып отыр. Алға жылжу жоқ. 

Біз шетелдік университеттерге есік ашып, олардың нарыққа шығуына, филиалдарын салуға және ашуына мүмкіндік беруіміз керек екеніне сенімдімін. Себебі бұл бастама мемлекеттік қалтасына қол салмайды. Яғни, олардың филиал ашып, жұмысын жүргізуіне мемлекет қызыл тиын бөлмейді. Бұл елдегі жоғары білім деңгейін көтеріп қана қоймай, көрші мемлекеттерден шетелдік студенттерді тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, елдегі Жоғары оқы орындары арасында бәсекелестік артады. Тіпті, халықтың қалтасына да жеңіл болар еді. Мысалы, шетелдік университеттің Қазақстандағы филиалында оқу – Англияға немесе АҚШ-қа барудан гөрі арзанға түсетіні айтпаса да белгілі емес пе?! Бұған келісесіз ғой? 

  - Әрине! 

- Демек біз БАӘ, Малайзия және басқа да елдер жасап жатқан білім беру туризмінің дамуына қуатты серпін беруіміз қажет. 

  - Егер шетелдік ЖОО-лардың филиалдары ашылатын болса, елдегі білімді студенттер сонда кетіп, отандық оқу орындарындағы оқу сапасы төмендеп кетпей ме? 

- Керісінше, бұл біздің жоғары оқу орындарымызға серпін беріп, бәсекелестігін арттырып, білім сапасын жетілдіре түсуіне ықпал етеді деп сенемін. Бұл – мықтылар тірі қалатын нарық! Қазір біздің университеттердің дамуға ынтасы жоқ екенін мойындау керек. Бюджеттен ақша бөлінеді, университеттер соны игереді болды. Ары қарай бірдеңені дамытудың, жақсартамын деп талпынудың қажеті жоқ. Себебі университеттерге бөлінген қаржы ашық талап етілмейді. Оқу орындары ашық түрде есеп бермейді. Мұндай жағдайда мемлекеттің асырауында жата беру олар үшін ыңғайлы... 

  - Демек филиал ашу отандық білімнің дамуына ықпал етуі мүмкін дейсіз ғой? 

- Солай деуге болады. Себеб, тағы да қайталаймын: білім сапасын арттыру үшін сізге керек басты нарықтық механизм – бәсекелестік. 

Егер отандық оқу орындары арасында бәсекелестік болатын болса, Жоғары білім беру жүйесінің дамуы мультипликативті әсерге ие болады. Бұл – шетелдік студенттерді қызықтырады. Ал олар өз кезегінде білім беру жүйесіне қосымша қаржы құятын болады. Ал білім саласына құйылған қосымша қаржы – оқытушылар жалақысын өсіруге айтарлықтай ықпал етеді. 

  - Сіздің ойыңызша, отандық оқу орындарына шетелдік студенттер мен оқытушыларды тарту керек дейсіз ғой? 

- Дәл солай. Біздің университеттерге шетелдік студенттер мен оқытушыларды тартуға еркіндік пен мүмкіндік беру керек. Біз ойланып жүргенде, Өзбекстан шетелден жоғары оқу орындарын белсенді түрде тартып жатыр. Бұл оларға аймақтық білім беру хабына айналуына толық мүмкіндік беріп отыр. Көрші елдің Үкіметі білім беру жүйесін дамытумен байыпты айналысады. Сондықтан, біз жылдамырақ жүріп, үлгеруіміз керек. 

  - Білім саласының хабына айналысақ, қай өңірлерді қамти аламыз? 

- Мен Орталық Азияны айта аламын: студенттер саны едәуір. Сонымен қатар, ол үнемі өсу үстінде. Бірақ университеттердің саны аз. Демек, бізде оқығысы келетіндердің барлығын отандық ЖОО-да оқыту мүмкін болмайды. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда халықтың 34 пайызы ғана жоғары біліммен қамтылған, ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 пайыз. Менің болжамымша, жақын болашақта бұл көрсеткіш тек университеттердің жетіспеуіне байланысты төмендейді. 

  - Еліміздегі университеттер арасында бәсекелестік жоқ екенін баса айттыңыз. Және білім бәсекелестік болған жерде ғана ілгері жылжитынын айтып отырсыз. Сонда, біздегі ЖОО-лардың білімі таяз деп қорытынды шығаруға бола ма? 

- Олай емес, артық айтпай-ақ қояйық. Бізде Назарбаев Университеті бар, студенттерге сапалы білім беретін жеке университеттер де бар. Бірақ бұл қалыпты ережеден гөрі ерекше жағдай. Бүгінгі жастар шетелден білім алуды қалайды. Неліктен? Өйткені біздің университеттің білімі бірнеше мың доллар тұрады, ал шетелде ол тегін. Тіпті, Қазақстандағы білім беру бағасынан төмен болуы мүмкін. Тағы бір ерекше назар аударатын жағдай – жастарды білім сапасы ғана емес, қоршаған орта, университет орналасқан қала да қызықтырады. Еуропада немесе АҚШ-та студенттер ақша табуға және қаржылық тәуелсіз болуға мүмкіндік алады. Біз шетелде оқып жатқан студентіміздің орташа айлық табысына талдау жасап, зерттедік. Нәтижесі таңқаларлық. Мысалы, бір студент орташа есеппен, айына мың еуро, тіпті, одан да көп таба алады екен. Ал Қазақстанда бұл жұмсартып айтқанның өзінде, шындыққа жанаспайтын нәрсе. 

  - Дегенмен, шетелде оқуға кез келгеннің мүмкіндігі бола бермейтіні рас қой... Көбіміз барға қанағат етуге мәжбүрміз... 

- Бұл салада «Болашақ» даму қоры жүйелі жұмыс істеп келеді. Ол адамдардың шетелде қолжетімді білім алу мүмкіндігі қандай екенін түсіндірумен айналысады. Шетел тілін оқитын және шетелде оқуға тілек білдіретін қазақстандық мектеп оқушылары жылдан-жылға көбейіп келеді. Біздің қор жыл сайын Халықаралық білім жәрмеңкесін өткізеді. Биыл да көрме 25 наурызда басталды. Өтініш берушілер көптеп келіп үлгерді. Көрме барысында әлем бойынша ақысыз білім алуға мүмкіндік беретін 200 университет өз ұсыныстарын жасап отыр. Бұл біздің үміткерлер үшін тамаша мүмкіндік. Осындай іс-шаралардың арқасында ата-аналар балаларының шетелде білім алуы қолжетімді және шынайы екенін түсінеді. Сонымен қатар, көрме арқылы сіз қазақ тілінен басқа тілді білмей-ақ өтініш бере аласыз. Көптеген стипендиялық бағдарламалар осы мүмкіндікті ұсынады. Шетелде білім алу ғарыштық категориядан тыс нәрсе емес, барлығына қолжетімді екенін тағы да қайталаймын. 

  - Қазіргі кезде Қазақстанда жаңадан тағайындалған министр өз реформасымен келетін болды. Ол ешкімге жасырын емес. Бұл тек бізде ғана бар жағдай ма, әлде әлемдік тенденцияда қалыптасқан ба? 

- ЭЫДҰ елдерінде белгілі бір саладағы саясатты өзгертудің нақты құралдары бар. Бұл құрал «Реттеушілік әсерді бағалау» деп аталады. Дәл осы құрал бойынша ешқандай шенеунік бірде-бір нәрсені өз қалауы бойынша өзгерте алмайды. Ол үшін мүмкін болатын өзгерістердің, атап айтқанда, білім беру жүйесіне әсерін, оның қоғамға және жалпы экономикаға қалай әсер ететіндігін сараптайтын орта бар. Тек терең талдаудан кейін ғана шешімдер қабылданады. Қаласақ, бұл тетікті біз де қолдана аламыз. 

  - Демек, жаңадан тағайындалған басшылықтың реформа жасай бастауы бізде ғана бар ғой? 

- Солай деуге болады. 

  - Әңгіменің аяғына да келіп қалған екенбіз. Соңғы сауалымыз болсын. Қазақстандағы жоғары білім сапасын арттыру қанша уақытты қажет етеді деп ойлайсыз? 

- Кей мәселелерді аз ғана жыл ішінде шешуге болады. Ал кейбіреулеріне 10 жылдан аса уақыт керек. Бірақ, байыппен бастау керек... Мәселен, жақсы агроном дайындау үшін төрт жыл жеткілікті. Ал, нанотехнология маманын даярлауды мектеп жасынан бастаған абзал. 

- Әңгімеңізге рахмет!


Өзгелердің жаңалығы