Меланома қатерлі ісіктердің ішіндегі ең қауіптісі – онколог

24 Мамыр 2024, 17:00
587
Бөлісу:
Меланома қатерлі ісіктердің ішіндегі ең қауіптісі – онколог
Фото: BAQ.KZ -архив

Меланома немесе тері қатерлі ісігімен сырқаттану соңғы онжылдықты бүкіл әлемде өсіп келеді. Тері қатерлі ісігімен сырқаттану деңгейі бойынша Қарағанды облысы елімізде Шығыс Қазақстан облысы мен Алматы қаласынан кейін үшінші орында, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

 

Әлем медицинасында алаңдатушылық туғызып отырған тері қатерлі ісігінің алдын алу, ауруды ерте кезеңде анықтау мен емдеудің маңыздылығы жайлы онколог Анатолий Красноженмен сұқбаттасқан едік.

-Анатолий Федорович, тері қатерлі ісігі онкологиядағы ең қауіпті аурудың бірі саналады. Не себепті?

-Меланома немесе тері қатерлі ісігі кез келген жастағы адамдарда жиі кездесетін қатерлі ісік. Меланоманы қатерлі ісіктердің ішіндегі ең қауіптісі деп айтуға болады. Онкологияның бұл түрі қарқынды дамумен сипатталады. Ал аурудың соңғы сатыларында науқастың ішкі ағзаларының зақымдануы байқалады. Бұл аурумен сырқаттанғандарда метастаздану жолдары он есе жылдам жүреді. Меланоманың метастаздары адамның бауыр, көкбауыр, ұйқы безі, өкпе сияқты ағзаларына, тіпті сүйегіне де өтіп кетеді. Кейде ауруы әбден асқынған адамдар сау жерлері қалмаған жағдайда да ауруханаға келеді. Бұл науқастарға әрине ештеңе де көмектесе алмайды.

-Меланоманың пайда болуына қандай факторлар әсер етеді?

-Әрине бұл алдымен экологиялық факторларға, сонымен қатар тері қатерлі ісігі пайда болуы мүмкін тәуекелділігі жоғары топтардың өсуіне байланысты болып отыр. Тері қатерлі ісігі мең, қал және дақтардың, ғылыми тілмен айтқанда невустардың орнында пайда болып, басқа органдарға таралады. Мең мен қалдың жарақаттануы, қандай да бір сыртқы әсердің болуы, күн сәулесінің ультракүлгін радиациясы, химиялық, физикалық әсер етулер невустың белсендірілуіне әкеліп, осының салдарынан тері қатерлі ісігі пайда болады.

-Тері қатерлі ісігі пайда болуы мүмкін тәуекелділігі жоғары топтардың қатарына кімдер жатады?

-Мұндай топтарға терісі жұқа, ақшыл түсті адамдар, денесінде, оның ішінде көрініп тұратын дене бөліктерінде көптеген меңі, қалы бар адамдар, сондай-ақ, туған-туыстарының арасында тері қатерлі ісігі анықталған адамдар жатады. Мұндай адамдар профилактикалық тексерістерден жиі өтіп тұрғаны дұрыс. Әрине жаз айларында күннің ультракүлгін сәулесі әсерінен де бұл ауру қозып жатады. Сол себепті тәуекелді топтағы адамдарға жазға дейін және жаздан кейін қаралуды ұсынамыз. Жағажай демалысына барып, күнге қыздырынған болсаңыз, міндетті түрде тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша емханаға қаралу қажет. Аурудың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды үнемі жүргізу маңызды. Егер де қандай да бір өзгерістер байқалса, дәрігерлер емделушіні біздің диспансерлік ауруханаға жібереді. Сәйкесінше, біздің ауруханада диагностика жасалып, тері қатерлі ісігі анықталатын болса, әрі қарай емдеу жолдары ұсынылады.

-Қай кезде дабыл қағу қажет?

-Адам денесіндегі қал мен меңнің түсі өзгерсе, көлемі өзгерсе, яғни оның сыртқы қалпына тән факторларында өзгерістер байқалса, бірден дәрігерге қаралу қажет. Мысалы, бұрын меңнің беті қарапайым тері сияқты болып, кейіннен түрі өзгеріп, жылтырап, егер де қалдың үстінде бұрын болған шаштар түсе бастаса, бұл невустың қатерлі ісікке айналып бара жатқандығын көрсетеді. Егер де қал мен мең қышып, онда жарықшақтар пайда болса, бұл невустың өзін агрессивті түрді көрсете бастағандығының белгісі. Бұл көрсеткіштер медициналық көмекке шұғыл түрде жүгініп, дабыл қағу керектігін көрсетеді.

-Қарапайым халық осы ауруға байланысты нені білуі қажет?

-Меланоманы онкологиялық аурулардың ішіндегі патшайы деп те атайды. Себебі, бұл ауру кішкентай жерден басталып, ағзаның барлық мүшелеріне таралып, метастаз береді. Қарапайым халыққа білу керек нәрсе – денеңіздегі мең, қал немесе дақтардың формасында, көлемінде, ең бастысы түсінде қандай да бір өзгерістер пайда болатын болса міндетті түрде медицина мекемелеріне жүгіну қажет. Көбіне адамдар бұл мең мен қал менде бала күнімнен бар деп, немқұрайлық танытып жатады. Емханалардағы терапевтер, тіпті орта білімі бар медицина қызметкері де мең мен қалдағы өзгерістерді байқауға қабілетті. Мұндай жағдайда олар емделушіні бірден онкологқа жібереді. Қатерлі ісік білдіртпей өседі, тіпті ешқандай ауру, мазалау сезімдері болмауы мүмкін. Сондықтан алдын ала диагностикалаудан өтіп тұрған дұрыс.

-Тері қатерлі ісігінен қалай сақтану қажет?

-Әрине адам денесіндегі барлық мең мен қал онкологияға жатпайды. Дегенменде олар тері қатерлі ісігіне айналуы мүмкін. Оған әртүрлі факторлар әсер етеді. Жоғарыда атап өткендей, тері қатерлі ісігінің туындауының бірден бір себептеріне күннен келетін ультракүлгін сәулелердің әсерін жатқызуға болады. Сондықтан да, күннен қорғайтын спф кремдерді үнемі қолдану қажеттілігін айтқым келеді. Егер де денеңізде мең мен қал көп болса оны жабық түрде ұстаған дұрыс. Кейде адамдар жағажайда демалу кезінде күннің астында ұйықтап қалып жатады. Күннің ультракүлгін радиациялық сәулелері меланоманың пайда болуына әкелуі мүмкін екендігін айтқым келеді. Әйел арасында кең тараған солярий қабылдау да зиянды фактор саналады. Егер де денеңізде меңдер мен қалдар көп болса, сізге солярий қабылдауға болмайды.

-Бұл аурудан толық жазылып шығуға бола ма?

-Біріншіден, әлемдегі стандарттар бойынша біз ісікті алып тастаймыз. Кейде көлемді ісіктер болады. Науқастардың немқұрайлығы салдарынан ісік 10 см дейін өсіріп кеткен жағдайлар кездесті. Осындай кезде пластикалық көрсеткіштер қолданамыз. Мысалы, кейбір кезде ісіктің ошағын алып тастағанда жараның жабылуына сол жердегі терінің көлемі жетпей жатады, бұл уақытта әртүрлі пластикалық әдістерді, ота түрлерін қолданып, ашық қалған жараның орнын жабамыз. Екіншіден, меланоманың тереңдігін анықтаймыз. Осы тереңдікке байланысты оны емдеу жолдарын дәрігерлер консилиумында шешіп, кейде иммунотерапия тағайындалып, науқастың толық жазылуына барымызды саламыз. Химиятерапия тері қатерлі ісігіне аса қатты әсер ете алмайды. Сондықтан да, иммунотерапия тағайындалады. Науқасқа аурудан біржола арылуға көмектесу үшін неоплазманы уақытында анықтау және дұрыс емдеу тактикасын таңдау өте маңызды.

Тері қатерлі ісігін емдеу өте қиын. Адамдар уақытылы медициналық көмекке жүгінбегендіктен тері қатерлі ісігі аурудың үшінші, төртінші сатылынарына өтіп, асқынып кетеді. Бұл уақытта одан толық жазылу мүмкін емес деуге де болады. Ал әрине бірінші, екінші сатыдағы, ертерек анықталған қатерлі ісіктерден толық жазылуға мүмкіндік көп. Дегенменде, ең бастысы халықтың сауатын ашу, аурудың алдын алудың маңыздылығы жоғары. Сондықтан да, біз жылына 2-3 рет ашық есік күнін өткіземіз.

-Тері қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтау бойынша ашық есік күні қайда, қашан өтеді?

-Онкологиядағы ең қауіпті аурудың бірі саналатын меланоманың алдын алуды насихаттау, бұл сырқатқа ерекше көңіл аударуымыз тері қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беруде. 25 мамыр күні біздің Қарағандыда ғана емес, бүкіл еліміз бойынша меланоманы анықтау бойынша ашық есік күні өткізіледі. Қарағандылықтар Қ.Аманжолов 138 мекен-жайы бойынша сағат 9.00-ден 13.00-ге дейін емханаға келіп, тексерістен өте алады.

Біздің емхана осы күні арнайы 3 кабинет бөліп, мамандарымыз 4 сағат бойы келушілерді қабылдайды. Сонымен қатар, осындай іс-шаралар қаланың барлық емханаларында жүргізілетіндігін айтқым келеді.

Сұқбатыңызға рақмет!

Өзгелердің жаңалығы