Мектептердің даму болашағы жөнінде іргелі бағдарлама жоқ

25 Қыркүйек 2023, 17:40
892
Бөлісу:
Мектептердің даму болашағы жөнінде іргелі бағдарлама жоқ
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Көкшетауда қазақ мектептерін көбейту мәселесі күні бүгінге дейін өзекті күйінде қалып отыр. Мемлекеттік тіл, мектеп салу мәселесі неліктен толыққанды шешімін таппай келеді? Бұған не кедергі? Бұл туралы облыстық мәслихаттың депутаты, Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат айтып берді, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Жуырда әлеуметтік желіде Көкшетау мектептерінде оқушы саны шамадан тыс көптігін дәлелдейтін бейнетүсірілім тарағаны белгілі. Осыған зерттеу жүргізілді ме?

–Көкшетаудағы мектептердің даму болашағы жөнінде іргелі бағдарламалар болған жоқ. Айталық, Көкшетау мен Красный яр жолының ортасындағы мектеп құрылысының бірнеше жылға созылғаны белгілі. Әуел баста Көкшетау қаласындағы урбанизация процесі есепке алынған жоқ. Қазір қалаға жастар көптеп келіп жатыр. Астаналық облыс орталығымыз. Қаланың алдағы он жылдық әлеуметтік даму бағдарламасы жасалуы керек. Оны әзірге көре алмай отырмыз. Қала халқының өсуіне сәйкес мектептердің рационалды пайдаланылу мәселесі жете қаралмаған. Екіншіден, қалада аралас мектептер саны басым. Бұл мәселе әлі күнге шешілмей келеді. Бір мектеп екі тілде оқытатын болса, онда бала саны көп, ал таза қазақ тілді мектепте керісінше аз болуы мүмкін. Өкінішке қарай білім саласында менеджмент, мониторинг дұрыс жасалмағандықтан, соның зардабын шегіп отырмыз. Қалаға кем дегенде үш-төрт мектеп қажет. Халық жиі шоғырланған, жаңа салынып жатқан шағын аудандар назарға алынбады. Алдағы жылдары «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Көкшетауда екі мектеп салынуы тиіс. Қала әкімдігі, білім бөлімі алдағы он жыл аралығындағы халық өсімін, мектеп жасындағы бала санын болжай білуі қажет. Соған сәйкес мектептердің жүктемесі есепке алынуы керек.

Білім саласындағы проблемаларды атап өтсеңіз...

–Кейбір оқу орындарында оқулықтар, қазақ тілі мамандары жоқ. Колледж ашылған 90-шы жылдары қазақ тілі мамандары болмады. Біз әрбір маманды жеке тұлға ретінде қалыптастырумен, ұзақ жылдар кадр даярлаумен айналыстық. Оқытушы кадрды өзімізде қалыптастырдық. Өз түлектерімізді колледж қабырғасында тәрбиеледік. Қазір жүзге жуық оқытушының 30-ы өз түлегіміз. Мемлекеттік тілде кадр даярлау кез келген оқу орнының негізгі миссиясы болу керек. Бұған оқулық жазу, оқу-әдістемелік кешенмен қамтамасыз ету де кіреді. Жасырары жоқ, біздегі оқу орындары әлі күнге аудармамен айналысады. Кез келген оқытушы оқулық жазуға дайын болуы керек. Өйткені заман талабы осындай.

Ұлттық мәселелерге батыл үн қосып жүрген азаматсыз. Тіл үйрету неге нәтиже бермей келеді?

–Тіл мәселесі әлі күнге шешімін таппай келеді. Елімізде мемлекеттік тіл туралы заң жоқ. Шыны керек, бізде жалтақтық басым, әр нәрседен үрейленіп отырамыз. Мемлекеттік тіл туралы заң болмай ана тіліміз босағадан төрге оза алмаған қалпы қала береді. Ол үшін не істеу керек? Ең біріншіден, мемлекеттік қызметтегі заң жұмыс істеуі тиіс. Көкшетауда халықтың 60-70%-ы мемлекет құраушы ұлт болып есептеледі. Мемлекеттік тілдің үстем алуы үшін тілдік орта қалыптасуы керек. Сонда ғана барлық мәселе шешіледі. Мемлекеттік тілде білім беретін колледжімізден қаншама өзге ұлт өкілдері түлеп ұшты. Олар ауызекі сөйлеу стилімен келіп оқуға түседі, колледжді әдеби тілдік нормамен аяқтайды. Айталық, түлегіміз Анастасия Кровцова өзімізде оқытушы болып жүр. Тілдік орта қалыптасқан жерде қазақ тілін меңгеру ешқандай қиындық тудырмайды. Аралас мектептерді тоқтатуымыз қажет. Бір шағын ауданда үш мектеп болса, соның екеуі мемлекеттік тілде оқытуы тиіс. Дәл қазіргі жағдайда аралас мектептердің идеологиялық, интеллектуалдық дамуы, білім сапасы жоғары болмайтыны дәлелденген дүние. Тілдік орта қалыптасқан мектеп, мекемеде мемлекетке деген жаңа көзқарас пайда болады, сонда ғана мемлекеттік тіл үстемдік алады.

Сонда тіл дамыту үшін қандай шешімдер керек? «Мемлекеттік тіл мәселесін шешу үшін ұлттық мектептер керек» деген пікірмен келісесіз бе?

–Бұл пікірді жүз пайыз қолдаймын. Мектептер ұлттық, бір тілді болуы керек. Сонда ғана сапа болады. Өкінішке орай бізде бұрын ассимиляцияланған сана әлі сол қалпында қалып отыр. Яғни орыстілді орта қайта белең алып келе жатыр. Мұның саяси-идеологиялық та мәні бар. Бұл өте қауіпті. Отбасында, мектепке дейінгі мекеме, мектепте таза ана тілдік орта қалыптасқан жағдайда көп нәтижеге жетуіміз мүмкін. Алайда бұған назар аударылмай келеді. Бәрі өз қолымызда. Атқарушы билік мәселеге талдау жасап, идеологиялық жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сонда ғана мемлекетшілдік рух қалыптастыру іске асырылады.

Тіл мәселесі солтүстік өңірде ғана өзекті сияқты...

–Тіл проблемасы бес облыста ғана көтеріліп отырған мәселе. Бірақ әлі күнге шешімін таппай келеді. Бұған жалтақтық, ассимиляцияланған сана, өзге ұлт өкілімен санасушылық кедергі келтіріп отыр. Бұл ретте ассамблея тарапынан да насихат кемшін. Олар тек қағаз жүзінде ғана жұмыс істеп отыр. Ассамблея Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерін қазақ тілінде оқыту бойынша идеологиялық жұмыстар жүргізуі керек. Бұл мәселеде өзбек, қырғыз ағайындар көш ілгері келе жатыр. Олар тіл мәселесін 15-20 жыл бұрын шешкен. Біз мемлекетті құраушы ұлт ретінде жауапкершілікті өз мойнымызға алуымыз керек. Оның негізгі миссиясы – балабақшадан бастап барлық мекемелерде мемлекеттік тіл үстем алатын мезгіл жетті. Өкінішке орай мұны іске асыра алмай отырмыз. Оған кінәлі – өзіміздің ұлтымыз, билігіміз. Бұл мәселеге аса түсіністікпен қараған жөн.

Депутаттыққа келудегі мақсатыңыз не?

–Депутаттыққа келу – әуел бастан менің жеке мүддем болған емес. Көп жағдайда депутаттыққа бизнесмендер өздерінің кәсібін дамыту үшін барады. Ұзақ жылдар білім саласында жүргеннен кейін осы саланың мәселелерін көтеруді мақсат тұттым. Біріншіден, атқарушы билік пен өкілетті билік арасындағы байланыс әлі дұрыс реттелмеген. Өңірде өкілетті биліктің функционалдық миссиясына сәйкес қордаланып қалған әлеуметтік мәселелер жеткілікті. Осы ретте, білім беру, қаладағы студенттердің әлеуметтік мәселелерін шешуге аз да болса үлесімді қоссам деймін. Жаңа мәслихаттың құрамы қалыптасу үстінде. Алдағы уақытта әлеуметтік мәселелерге байланысты қордаланған мәселелерді шешуге тырысамыз.

Қала дамуындағы кемшін тұстарды атап өтсеңіз...

–Көкшетаудағы ең маңызды мәселе – коммуналдық салаға қатысты түйткілдер. Ең күрделісі – жылу жүйесі. Көкшетау республика бойынша жылу электр орталығы жоқ жалғыз қала. Сонау 97-ші жылы Көкшетаудың жылу жүйесі түгел істен шығып, тұрғындар зардабын тартқаны белгілі. Қаншама әкімдер ауысты, бірақ бұл мәселе әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ. Екіншіден, ауыз су мәселесі. Тазарту қондырғыларында су хлормен ғана тазартылады. Сергеев су қоймасынан Павлов су қоймасына келетін судың сапасы нашар. Аталған екі мәселені шешуде атқарушы билік үлкен жұмыстар атқаруы тиіс деп есептеймін. Келер жылы Көкшетаудың 200 жылдық мерейтойы. Қалада абаттандыру жұмыстарын әрі қарай дамыту мәселесінде жергілікті атқарушы биліктің жұмысына көңіл толмайды.

Өзіңіз сайланған округтің қандай мәселелері бар?

–Өзім сайланған округтегі Алаш арыстары саябағының абаттандыру жұмыстары аяқсыз қалғаны алаңдатады. Соңғы екі жылдан бері жұмыс тоқтап тұр, мердігер табылмады. Осы мәселе бойынша қала билігіне ұсыныс жасалды. Қаланың шеткі аймақтары – Застанционный, Станционный тұрғындарының мәселелері де басты назарда. Аталған аймаққа жақын жылу қазандығы көмірмен жағылатындықтан, одан бөлінетін зиянды қалдықтар айналаны ластауда. Осылайша экологиялық мәселе туындауда.

Өзім сайланған округке кіретін Бурабай, Юбилейный, Бейбітшілік шағын аудандарының мәселелерін де көтеріп жүрміз. Атап айтқанда, Бейбітшілік шағын ауданына автобустың қатынауы, электр энергиясымен қамтамасыз ету, Застанционныйдағы кітапхана мәселесін көтердім. Шағын үйде орналасқан кітапхананың су мәселесі шешіле бастағанмен, кәріз жүйесі мәселесі тоқтап тұр. Округ бойынша мектептер проблемасы бар. Оларға көмек көрсету бойынша қалалық әкімдікпен жұмыс істеуді жоспарлап отырмын.

Өзіңіз басқаратын Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі еліміз бойынша жетекші оқу орындарының бірі. Бұл – бір күннің жемісі емес екені белгілі. Заман талабына сай оқу орындары қандай болу керек?

–Елімізде педагог мамандар даярлайтын жүзден астам колледж бар. Соның 28-і мемлекеттік. Біраз жұмыс атқарылды. Қазіргі жағдайда заман талабына сай оқу орнын жасауға болады. Оның инновациялық, стратегиялық даму бағытын дәл анықтаған дұрыс. Оқу орнын отыз жыл басқарып келемін. Республикадағы педагогикалық колледждің даму стратегиясы туралы бірқатар жобаларды іске асырдық. Оқу-ағарту министрлігінің рейтингі бойынша алдыңғы қатардамыз. Оған педагогикалық ұжым көп еңбек сіңірді. Кез келген білім мекемесінде ең бірінші ұжым мықты болуы керек. Ұжым интеллектуалдық, инновациялық технология жағынан заманауи көзқараста болуы тиіс. Авангардтық жүйе қалыптасуы қажет. Оның ең бастауы – демократиялық басқару, үнемі ақылдасу. Біз республикада стратегиялық бағдарламаны ең бірінші болып жасадық. Оны кезінде Білім министрлігі қолдап, таратты. Сондықтан білім беру саласындағы барлық мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес біз өзіміздің колледждің даму бағдарламасын жасау үстіндеміз. Қазір екі бағдарламаға сүйенеміз – «Сапалы ұлт. Сапалы білім беру жобасы» және «2023-2029 жылдарға арналған білімді дамыту тұжырымдамасы». Осы арқылы екі құжат дайындап, стратегиялық бағытымызды, бағдарламамызды бекітіп алғанбыз. Колледж 14 біліктілік бойынша мамандар даярлайды. Студентке бағытталған білім жүйесін қалыптастырумен айналысып жатырмыз. Соңғы жылдары студент жүз пайыз білім алады деген көзқарастан бас тартып, студентпен бірге білімді игеру жолына түстік. Оның бірнеше компоненттері бар. Соның бірі, студенттің білімді өзі игеру мәселесіне жағдай жасап келеміз.

Түлектердің жұмыспен қамтылуы қай деңгейде?

–Жайлы жағдай жасау, материалдық-техникалық базаны студенттің толық білім алуына бағыттау мәселесі шешілген. Жаңа жатақхана жақын арада қолданысқа беріледі. Осылайша студенттер жатақханамен 100 пайыз қамтылатын болады. Бұл студенттің сапалық білім деңгейін көтерері сөзсіз.

Студенттердің жұмысқа орналасуына толық мүмкіншілік бар. Аудандармен мониторинг жүргіземіз. Білім бөлімдері, білім мекемелерімен байланыстамыз. Қолданбалы бакалавриатта республикада эксперименттік негізді ашып, толық аяқтап шықтық. Мамандарымыз еңбек нарығында сұранысқа ие. Тек әлеуметтік пакет жұмыс істеуі керек. Яғни жас мамандар әлеуметтік жағынан қорғалуы тиіс. Әсіресе ауылдық жерлерге жұмысқа барған мамандардың баспана мәселесі шешілетін болса, кәсіби мамандар даярлап беруге әзірміз. Келер жылы колледжімізден инклюзия бағыты бойынша логопед мамандардың алғашқы легін еліміз бойынша бірінші болып ұшырамыз. Дефектология саласындағы мамандарға қажеттілік жыл санап артып келеді.

Бүгінгі жастардың бет-бейнесі қандай? Олардың бойынан не байқайсыз?

–Тәуелсіздік алғалы отыз жылдан аса уақыт өтті. Өкінішке орай жастарды мемлекетшіл рухта тәрбиелеу жолға қойылмады. Оған негізгі себеп – мемлекеттік идеологиямыздың ұлттық бағытқа бағытталмағаны көңілге қонбайды. Жастардың нақты мақсат қоюына, қазақстандық қоғамды, тәуелсіздіктің жаңа құндылықтарын қалыптастыруға аса мән берілмеді. Бұл биліктің тарапынан кеткен қателік деп есептеймін. Сол себепті дәл қазір жастардың мүддесін қорғайтын бағдарламалар керек. Урбанизация процесі жүріп жатыр. Жастар қалаға ағылуда. Қазақ жастарының урбанизациялық процесіне байланысты бірде-бір бағдарлама жоқ. Қалаға келген қазақ жастарының жұмысқа орналасуы, әлеуметтік пакет, баспанамен, әсіресе жас отбасылардың жалдамалы пәтермен қамтамасыз етілуі бойынша нақты жобалар жоқ. Әлеуметтік мәселенің шешілуі бұл жастарға жасалған үлкен қамқорлық болар еді. Кез келген мемлекет сол мемлекетке жұмыс істейтін жастардың мәселесімен айналысады. Бізде ауылға баратын жастар үшін «Дипломмен-ауылға», «Серпін» бағдарламалары бар. Бірақ оның өзі соңына дейін шешілмеген. Жас мамандардың жергілікті жерде тұрақтап қалуына немесе тұрмыстық әлеуметтік мәселесін шешуге арналған бағдарламар жұмыс істемей отыр. Сондықтан ең біріншіден, мемлекет жастарға жағдай жасаған жағдайда олардан мемлекетке қайтарым болады деп ойлаймын. Қазіргі жастардың бойында бойкүйездік басым сияқты болып көрінеді. Алдарына нақты мақсат қоя алмайды. Қазақ жастары техникалық мамандықтарды көп меңгеруі керек. Технология дәуірінде ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Бізде «міндетті түрде университет бітіру керек» деген түсінік әлі күнге санамызда орнығып алған. Қаншама жас қос дипломмен жұмысқа орналаспай, жан бағып жүр. Егер жастар тек жан бағумен айналысса, мемлекеттің болашағы мықты болады деп айта алмаймын. Мемлекет алдымен жастарға жағдай жасауы тиіс. Жастарды мемлекетшіл рухта тәрбиелеу, қоғамдық жаңа құндылықтарды жасаумен қоғам болып айналысқанда ғана болашағымыз жарқын болады.

Сіздіңше қазір қоғамдағы ең өзекті мәселе не?

–Қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселе – қарапайым халықтың әл-ауқатын көтеру. Қазақстанның байлығы өзіне жетеді. Бір ғана мұнайдан түскен қаражаттың өзі шынайы демократиялық принциппен бюджетке түсетін болса 19 млн халықтың әл-ауқатын көтеруге болады. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен Қазақстанның өзінің өндірген байлығы халқына бұйырмай отыр. Үкімет түрлі бағдарламалар жасағанмен, бірде бірі соңына дейін жеткізілген емес. Орта жолдан үзіліп қалады. Үкіметтің негізгі мақсаты – сол бағдарламаларды соңына дейін жеткізіп, нәтижесін халыққа көрсету. Қалған мәселе уақытымен шешімін табады ғой деп ойлаймын. Халықтың әл-ауқаты көтерілсе, оның білімге, мәдениетке, интеллектуалды дамуға, эмоционалды интеллектіні меңгеруге деген күш-жігері арта түседі. Ал күнделікті тіршілігін ғана ойлайтындар көбейсе, қазіргі орын алып отырған жағдай сол қалпында қала береді.

Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы