Вице-министр: Оқушылардың мектепте алған білімін өмірде пайдалану деңгейі өте төмен

18 Қараша 2019, 12:25
3131
Бөлісу:
Вице-министр: Оқушылардың мектепте алған білімін өмірде пайдалану деңгейі өте төмен
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алғашқы PIAAC нәтижелеріне сүйенсек, Қазақстан жастары ЭЫДҰ елдерінің жастарынан оқу сауаттылық деңгейі бойынша едәуір артта қалып отыр. Бүгін білім және ғылым вице-министрі  Шолпан Қаринованың қатысуымен ересектердің құзыреттілігін бағалаудың халықаралық PIAAC бағдарламасының нәтижелері жарияланды. 

Бұл бағдарлама 16-65 жастағы ересек тұрғындардың оқу, математикалық сауаттылық және цифрлық ортадағы тапсырмаларды орындау дағдыларын бағалайды. Аталған дағдылар "ақпаратты өңдеу бойынша негізгі құзыреттер" болып саналады және кез келген адам үшін күнделікті өмірде де, еңбек қызметінде де маңызды. Бұл дағдылар еңбек нарығына және әлеуметтік өмірге тиімді кірігу және қатысу үшін қажет.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) әзірлеген ересектердің құзыреттілігін халықаралық бағалау бағдарламасы (PIAAC) үкіметтерге елдің ересек тұрғындарының негізгі дағдыларын бағалауға және оларды халықтың әртүрлі топтары арасында қарастыруға мүмкіндік беретін ірі зерттеу болып табылады.


WhatsApp Image 2019-11-18 at 12.23.36.jpeg
Бұл іс-шараның біз үшін маңызы зор. Жалпы қазақстандық білім жүйесі үшін мұндай халықаралық зерттеулерге қатысудың маңыздылығы өте жоғары екенін атап айтқым келеді. Өйткені ішкі бақылау бар. Ол қаншалықты әділ, объективті болып жатыр. Біздің ішкі бақылауымыз сырт көзбен қарағанда қаншалықты талаптарға сай екендігін қарап отыруымыз керек. Өздеріңізге белгілі, бұған дейін де оқушылардың халықаралық зерттеулерге қатысқанын, оның нәтижесін жариялап отырамыз. Әрқашан білім жолындағы бағытымызды айқындауға мүмкіндік береді. Соңғы PISA халықаралық зерттеуі көрсеткендей, 2012 жылғы анықтамасына сәйкес оқушылардың функционалдық сауаттылығы және нақты білім деңгейінде алған құзыреттіліктерін өмірде пайдалану жағынан төмен екенін көрсетті. Сондықтан 2012-2015 жылдар аралығында қазақстандық білім жүйесінде қаншалықты білім беру мазмұнын жаңарту керек, оны қандай бағытқа бұру керек? Осындай сұрақтар бойынша біздің ғалымдар мен тәжірибелі мұғалімдер зерттеулерді негізге алып, жаңартылған білу беру жүйесін бастадық, - дейді білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова. 

Халықаралық тенденцияны ескерсек, еліміздің қазіргі жастарының дағдылары олар ересек жасқа жеткен кезде бірінші деңгейге ғана сәйкес келетін болады. 

Бүгінгі оқушылар мен студенттер - олар ертеңгі ересек азаматтар. Сондықтан олардың сауатты болуы үлкен мәнге ие. Сондай-ақ, санға емес, сапаға жұмыс істеу мақсатында гранттардың санын азайтып, керсінше грант бағасын арттыратын боламыз, - деп атап өтті вице-министр. 

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында PIAAC зерттеу нәтижелері ұлттық адами капиталды нығайту бойынша сапалы өзгерістерге негіз болмақ.

Өзгелердің жаңалығы