Мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзып, білім беру ұйымына діни сипаттағы киіммен немесе бас киіммен келген оқушыға қатысты мектеп қандай шара қолдана алады? Бұл мәселені Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен брифингте түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, мектеп формасына қойылатын жалпы талаптар Оқу-ағарту министрлігінің тиісті бұйрығымен белгіленген. Білім беру ұйымының қабырғасында бас киіммен жүруге жол берілмейді.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, білім беру ұйымының ішінде бас киім киюге жол берілмейді. Бұл талаптарды бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес жауапкершілік қарастырылған, – деді Шынар Ақпарова.
Вице-министрдің айтуынша, талап бұзылған жағдайда мектеп бірден жазалау шарасына жүгінбейді. Алдымен әлеуметтік педагог пен сынып жетекшісі ата-анамен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Баланы мектепке қабылдаған кезде ата-аналар білім беру ұйымының жарғысымен танысады. Сондықтан олар мектеп жарғысында белгіленген талаптарды сақтауға міндетті. Сонымен қатар мектеп пен ата-ана арасында келісім жасалады. Онда да ата-аналардың сақтауы тиіс талаптары нақты көрсетіледі, – деді ол.
Шынар Ақпарова ата-аналар мен баланың заңды өкілдері білім беру саласындағы заңнамада және мектеп жарғысында белгіленген талаптарды сақтауға жауапты екенін атап өтті.
Қайталанған жағдайда 5 АЕК айыппұл салынады
Журналистердің нақтылау сұрағына жауап берген бірінші вице-министр әкімшілік жауапкершілік шараларына да тоқталды.
Оның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 49-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін алдымен ескерту жасалады.
Егер ата-ана бір жыл ішінде осы құқық бұзушылықты қайта жасаса, онда 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Тағы оқи отырыңыз: Мектеп формасы талапқа сай болмаса, оқушы сабаққа жіберілмей ме? – Министрлік жауап берді