Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен брифингте оқушы мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған жағдайда оны сабаққа кіргізбеуге немесе оқу процесінен шеттетуге бола ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Шынар Ақпарованың айтуынша, мектеп оқушысын киім үлгісінің талапқа сәйкес келмеуіне байланысты оқу процесінен шеттетуге жол берілмейді.
«Білім туралы» заңнамаға сәйкес, бала сапалы білім алуға құқылы. Сондықтан мектепке келген оқушыны сабаққа кіргізбеуге немесе оны оқу процесінен шеттетуге болмайды.
Сонымен қатар вице-министр мектеп формасына қатысты талаптардың да заңнамада белгіленгенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының заңнамасы бар және ол орындалуы тиіс. «Білім туралы» заңның 47-бабында білім алушыларға қатысты талаптар көзделген. Ал 39-бапта ата-аналардың міндеттері белгіленген. Ата-аналар білім беру ұйымы белгілеген мектеп формасының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті», – деді Шынар Ақпарова.
Оның айтуынша, мектеп формасына қойылатын талаптарды білім беру ұйымы ата-аналар қауымдастығымен және ата-аналар кеңесімен бірлесіп айқындайды. Яғни мектеп формасы нақты білім беру ұйымының шешімімен бекітіледі.
«Мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтамаған жағдайда жауапкершілік те қарастырылған», – деді бірінші вице-министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін бастауыш сынып оқушыларын бағалау тәсілі өзгеретіні туралы жаздық. Өзгеріс жаңа оқу жылынан бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар жаңа оқу жылында мұғалімдерге қолдау көрсетілетіні хабарланды.
Тағы оқи отырыңыз: 1 қыркүйектен бастап оқушы қалай бағаланады? Мұғалім мен ата-ана нені ескеруі керек