Мектепке барып, реанимациядан бірақ шыққан оқушының қазіргі жағдайы қандай?

26 Қыркүйек 2023, 11:10
780
Бөлісу:
Мектепке барып, реанимациядан бірақ шыққан оқушының қазіргі жағдайы қандай?
Фото: Артём Чурсинов - архив

ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Астанада мектеп баспалдағынан құлап, ауыр жарақат алған балаға қатысты ақпаратпен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Зәкиева Instagram-дағы парақшасында баланың жағдайын білу үшін ауруханаға барғанын айтты. 

Достар, Астанада мектеп баспалдағынан құлаған балаға қатысты ақпаратпен бөліспекпін. Кешелі бері балақайдың анасымен, дәрігерлермен хабарласып тұрдым. Бүгін ауруханаға барып, баламен әңгімелесіп қайттым. Оның көңіл күйі жақсы. Оқиғаның қалай болғанын айтып берді, анасымен де сөйлестім. Айтуынша, сабаққа жүгіріп бара жатқанда досы байқаусызда қағып кетіпті. Анасы әлеуметтік желіде олардың отбасын талқылап, баланың жағдайы туралы айтып жатқаны ұнамайтынын жасырмады, - деді Зәкиева.

Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің сөзінше, қаншама биік жерден құласа да, балаға операция қажет емес.

Медициналық консилиумға сәйкес операция жасаудың қажеті жоқ. Қазір оң өзгерістер бар. Бала дәрігерлердің бақылауында, - деді ол.

Бұл ретте баланың әкесі баласын таныс дәрігерлері қарап шығуын ұсынған екен. 

Олар (ред. - дәрігерлер) ертең ауруханаға баратын болады. Әкесі де баласына барып қайтты. Әлеуметтік желіде баласына Түркияда шұғыл операция қажет деген видеосы оны көрмей жатып түсірілген екен, - деп түсіндірді уәкіл.

Белгілі болғандай, баланың ата-анасы мектепке еш шағымы жоқ екенін айтқан. 

Сондай-ақ баланың өкілімен де сөйлесіп көрдік. Олар мектепке еш шағымы жоқ екенін айтты. Дегенмен бұл жерде баспалдақтардың дұрыс жабдықталмауы – қылмыстық немқұрайлылық екені анық, - деді Зәкиева.

Ол барлық мектептерде рейд жүргізілетінін айтты.

Оқу жылына дейін мектептің қалай қабылданғаны белгісіз, қазір тексеріс жүргізіліп жатыр. Баланың анасы ауруханадан шыққаннан кейін ұлын курорттық-шипажайға ем алып, реабилитациядан өтуге жіберуді сұрады. Қазір осы іспен айналысып жатырмыз. Сондай-ақ енді барлық мектепте рейд жүргізіледі, - деп қорытындылады Динара Зәкиева.

Еске салсақ, 18 қыркүйекте Астанадағы №14 мектепте үзіліс кезінде оқушылардың бірі биік баспалдақтардан құлап түсіп, ауыр жарақат алды. 

Кейіннен баспалдақтардың бір жақ беті дұрыс қоршалмағаны анықталды. 

"Немолчикз" қорының мәліметінше, бала ашық ми жарақатын алған, маңдай сүйектері сынған. Бұдан бөлек көз ұясы ісініп, пневмоцефалия анықталған. Бала үш күн комада жатқан.

Кеше аталған мектептің директоры қызметінен босатылғаны анықталды. 

Өзгелердің жаңалығы