Мектеп медпунктінде балаларға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

30 Қыркүйек 2021, 18:17
8833
Бөлісу:
Мектеп медпунктінде балаларға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мектеп медицинасы – бұл білім беру ұйымдарындағы мектеп және мектеп жасына дейінгі балаларға медициналық көмекті ұйымдастыратын медицинаның бір саласы. Яғни, балалардың денсаулығын қорғау және нығайту бойынша көрсетілетін медициналық қызметтер, аурулардың алдын алу және олардың денсаулық жағдайын динамикалық бақылау шаралары қамтылады.

Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Мектеп медицинасында:

- профилактикалық медициналық тексеру;

- оқу кезеңіндегі және каникул уақытындағы сауықтыру;

- аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану және дұрыс тамақтану, репродуктивті денсаулықты сақтау;

- психикалық денсаулықты қорғау, темекі шегуден, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, құмар ойындарға емделуден туындаған суицидтік мінез-құлық пен тәуелділіктің алдын алу;

- профилактикалық тексеру-қараулардың нәтижелері бойынша оқушыларды тереңдетілген медициналық тексерулерге жіберу;

- Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес вакцинация жасау;

- жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін шұғыл болған жағдайларда алғашқы көмек көрсету, аурулардың алдын алу бойынша оқыту іс-шараларын өткізу;

- балалардың денсаулығын қорғауға ата-аналар мен педагогтарды тарту;

- санитарлық ережелердің талаптарын сақтау

шаралары жүргізіледі. 

Оқушылар мен тәрбиеленушілерге мектептердің, балабақшалардың және басқа да білім беру ұйымдарының медициналық пункттерінде ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсетіледі, яғни мектептерде көрсететін медициналық қызметтері үшін емханаларға мемлекет тарапынан төленеді. Оқушыларға мектеп аумағына жататын емхана медициналық көмек көрсетеді. Жоспарлы күнтізбе бойынша егілетін екпелер балаларға ата-анасының рұқсатымен ғана салынады, - дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №9 емхананың мектеп медицинасы бөлімшесінің меңгерушісі, педиатр-дәрігер Азамат Кенжеболатұлы Мыңбаев. 
Мектептердегі медицина пункттері қалай жұмыс істейді?

Медицина пункттерінің қызметкерлері жыл сайын оқушылар мен тәрбиеленушілердің денсаулығын сақтау және нығайту, олардың сырқаттануын азайту үшін іс-шаралар жоспарлайды, профилактикалық егулер, профилактикалық тексерулер кестесін жасайды және оқушыларды уақытылы диспансерлеуге бақылау жүргізіп отырады.

Балаларға арналған профилактикалық егулерді және кәсіби тексерулерді білім беру ұйымы орналасқан аумақтағы емханалардың мамандары жүргізеді. Ол үшін емхананың жауапты қызметкері мамандардың мектептерге шығу кестесін жасайды.

Біз Нұр-Сұлтан қаласы мектептерінің бірінде жұмыс жасаймыз. Оқу жылының басында оқушылар санын ескере отырып, жұмыс жоспарын дайындаймыз. Мектеп медицинасы бірінші кезекте балалардың қазіргі жағдайын бақылауға, олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған. Аталған тәжірибе әсіресе барлық оқушыларды қамтитындығымен маңызды, өйткені кейбір ата-аналардың балаларды емханаға тек профилактикалық медициналық тексеруден өткізу мақсатында апаруға уақыты болмай жатады. Яғни, мектепте жүргенде бала үнемі медицина қызметкерлерінің назарында болады. Егер балаларда аурудың қандай да бір белгілері байқалатын болса, оларды дереу клиникаға әрі қарай тексеру үшін жібереді, – деп өз ойымен бөлісті елордадағы медицина орталығының директоры Аида Омарбекова. 
ЕКПЕЛЕР

Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін емхана қызметкерлері мектеп оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілеріне екпені оқу орнының медпунктінде жасайды. Екпе салғаннан кейін медбикелер егілген балалардың жағдайын бақылайды. Егер оларда екпеге деген реакция байқалса, онда балалар дереу медициналық көмек ала алады немесе жағдайына байланысты оларды емханаға не ауруханаға жібереді.

ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ТЕКСЕРУЛЕР

Мектеп жасындағы балалар арасында профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді жүргізу тиісті Қағидаларда жазылған белгілі бір кезеңділікпен жүргізіледі. Ол үшін емхананың бейінді мамандары мектепке барып, онда балаларды кәсіби тексеруден өткізеді.

ШҰҒЫЛ КӨМЕК

Медициналық пунктте өткір және созылмалы аурулар, жарақаттар кезінде шұғыл көмек алуға болады. Айта кетейік, баланың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда дереу шұғыл шаралар жасалу қажеттігін ескере отырып, шұғыл медициналық көмек ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз көрсетілуі мүмкін екенін түсінген абзал. 

Мектеп медицинасы – өте өзекті және пайдалы жоба. Білім беру нысандарына мемлекеттік емханалар да, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін жеке медициналық ұйымдар да қызмет көрсете алады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры да мектептердегі медициналық пункттер арқылы балалардың оқу жылы аясында медицина қызметкерлерінің бақылауында болуына және уақытылы медициналық көмек алуына қолдау көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы