Мектеп формасына өзгерістер енгізілді

10 Қаңтар 2023, 16:07
2722
Бөлісу:
Мектеп формасына өзгерістер енгізілді

Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығымен орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін Оқу-ағарту экс-министрі Асхат Аймағамбетов мектеп формасы талаптарына енгізілген өзгерістер туралы айтқан болатын.

Мектеп формасына қатысты бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, дәстүрлі киімдерден бөлек, ыңғайлырақ киім, дәлірек, кардиган мен тенниска киюге мүмкіндік берілді, - деп 2022 жылды қорытындылағанда айтқан еді Аймағамбетов.

Бұйрыққа енгізілетін өзгерістер жайында 2022 жылғы қарашада Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеген болатын. 

Қазақстандық оқушылар үшін мектеп формасының нұсқаларын кеңейту жоспарланып отыр. Жалпы мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Бұл жерде әңгіме тізімді толықтыру және таңдау мүмкіндігін беру жайында болып отыр. Бұған дейін ата-аналар бұл мүмкіндіктің балалар үшін ыңғайлы екенін айтып, қарастыруды сұраған болатын. Өйткені сабақ кезінде ресми костюм кию балалардың барлығына бірдей қолайлы емес. Сол себепті балама ретінде ыңғайлырақ киіммен келуге рұқсат беру ұсынылып отыр. Пиджак, жилет, шалбар, юбка және жейдеден тұратын қазіргі мектеп формасымен қатар оқушыларға пиджак пен жакетті түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардигандарға ауыстыруға, сондай-ақ күнделікті киіп жүрген жейделерін поло жейделерге ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Алайда киімнің түсі, стилі және басқа да тұстары мектеп әкімшілігімен келісілуі керек, - деп ақпарат таратқан болатын.

Оқу-ағарту министрлігінің қолданыстағы бұйрыққа енгізген өзгерісі 10 қаңтардан бастап күшіне енеді. 

Бұйрыққа қандай өзгерістер енгізілді:

Қыздарға да, ұлдарға да рұқсат етілген мектеп формасының қатарына түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка қосылады.

Ұлдарға арналған мектеп формасы:

пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қысқы кезең: тоқылған жилет, жемпір). Ер балаларға арналған шалбар, ұзын және аяқтың тобығын жабуы қажет.

Қыздарға арналған мектеп формасы:

пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері бар немесе сыдырмалары бар тоқылған күрте/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан, жемпір). Қыздарға арналған шалбар бос және ұзындығы бойынша аяқтың тобығын жабуы қажет.

Сонымен бірге біркелкі киім үлгісіне (ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка) қойылатын талап алынып тасталды.

Енді галстук міндетті болмайды.

Бұл өзгерістер қажет болған жағдайда пайдалануға болатын қосымша мүмкіндік пен нұсқа ғана. Ата-аналар өндірушіні таңдауда және мектеп формасын сатып алуда тәуелсіз екенін еске сала кетейік.

Өзгелердің жаңалығы