Наярит штатында туристік автобустың қатысуымен ірі жол апаты болды. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде 11 адам қаза тауып, тағы 31 адам жарақат алған, деп хабарлайды BAQ.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Жол-көлік оқиғасы Еңбек күніне орай жарияланған мерекелік демалыс кезінде болған. Автобус Халиско штатынан демалыс аймақтарының біріне бағыт алған. Аматлан-де-Каньяс елді мекені маңында көлік жолдан шығып кетіп, аударылған.
Оқиға орнына Наяриттен және көршілес өңірден жедел қызметтер жетті. Құтқару жұмыстарын жүргізу және оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жолдың бір бөлігі уақытша жабылды.
Жергілікті биліктің мәліметінше, автобус қатты зақымданған. Апаттың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.
Айта кетейік, Мексикада жолаушыларды тасымалдауда автобус негізгі көлік түрлерінің бірі болып саналады, себебі елде теміржол жолаушылар желісі жеткілікті деңгейде дамымаған. Ел билігі Клаудия Шейнбаумның жетекшілігімен алдағы жылдары теміржол қатынасын кеңейтуді жоспарлап отыр.