"Мегаполисте күн көру оңай емес". Депутат 100 мың теңге айлық алатындар жайлы айтты

27 Наурыз 2024, 12:30
255
Бөлісу:
"Мегаполисте күн көру оңай емес". Депутат 100 мың теңге айлық алатындар жайлы айтты
Фото: BAQ.KZ -архив

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Орталық ғылыми кітапханада кітапханашылардың жалақысы мардымсыз екенін айтып, оны өсіруді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат осы мәселені Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған сауалында көтерді.

Оның сөзінше, осыдан 30 жыл бұрын Орталық ғылыми кітапханада 305 қызметкер жұмыс істеген болса, қазір 32 маман ғана қызмет етеді.

Маман тұрақтамайды, мардымсыз жалақыға ешкім келмейді. 30-40 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан өте тәжірибелі кітапханашылардың өзі 100 мың теңгенің төңірегінде ғана айлық алады!.. Ал кітапханада атқарылатын жұмыстар шаш етектен. Кезінде 300-ден астам маман істеген жұмысты бас-аяғы 30-ға да жетпейтін қызметкерлер қалай атқарсын?! Маман тапшылығына байланысты кітапхананың электронды каталогы толық жасалмай отыр. Қазір 30% қор электронды каталогқа енді, 70% қорды оқырмандар қағаз жәшіктерден кітапханаға келіп қана қарай алады, - дейді депутат.

Президенттің тапсырмасы бойынша, еліміздегі кітапханашылардың жалақысы жыл сайын көтеріліп жатыр.

Бірақ жоғарыда айтқанымдай, Орталық ғылыми кітапхана «Ғылым ордасы» Республикалық Мемлекеттік Кәсіпорны мекемесінің бір бөлімі ғана. Яғни, кітапхана статусы жоқ. Сол себепті қызметкерлердің жалақысы 100 мың теңгеден ары өспей отыр. Мұндай айлыққа еліміздің ең үлкен мегаполисінде күн көру оңай емес, - деп айтты Ардақ Назаров.

Депутат Орталық ғылыми кітапхана қызметкерлерінің жалақысы өсуге тиіс екенін айтты.

Олар да басқа кітапханалардың қызметкерлерімен деңгейлес жалақы алуы керек. Соның арқасында Орталық ғылыми кітапханаға керек мамандар қарастырылып санын шұғыл арттыру қажет, - деп өз ұсынысын айтты мәжілісмен.

Өзгелердің жаңалығы