Дәрігерлер вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайларын айтты

29 Наурыз 2021, 15:19
2942
Бөлісу:
Дәрігерлер вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайларын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандықтардың коронавирусқа қарсы вакцина салдыра бастағанына екі айға жуықтады. Осы уақытқа дейін «Спутник V» вакцинасының 2 компонентін қабылдағандардың жалпы саны – 31 422 адамға жетті. 

Оның ішінде халықпен тығыз байланыста болатын медицина қызметкерлері, полицейлер мен мұғалімдер бар. Осы ретте жер бетін жайлаған індетке қарсы иммундалған адамдардың екпеден кейінгі жағдайын сұрастырдық. 

Шымкент қаласы Жұқпалы аурулар ауруханасының инфекционист-дәрігері Мұрат Ағабаевтың айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін де салдырған.

Вакцинаның екі компонентін де алдым. Екі жағдайда да ешқандай жағымсыз әсері болмады. Сәл дене қызуым көтерілді. Қазір жағдайым қалыпты, - деді ол.

Инфекционист екпе салдырғаннан кейін ең бастысы суықтап қалмау керек екенін айтты. Температура көтерілген жағдайда ыстық түсіретін дәрі қабылдау қажет дейді ол.

COVID-19-ға қарсы екпе салдырған мамандардың бірі - Анар Әшімова. Ол Нұр-Сұлтан қаласы №15 қалалық емханасында мейірбике болып жұмыс істейді. Оның сөзінше, екпе алғаннан кейін ешқандай жанама әсер болмаған.

Коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Жағдайым тамаша. Салдырғанға дейінгі күйдегідей. Туыстарымның барлығына міндетті түрде екпе салдырыңдар деп айтып жүрмін. Әріптестерім де вакцина салдырды. Тек кейбіреуінде ғана жіті респираторлық вирустық инфекцияның белгілеріне ұқсас симптомдар болды, - деді Әшімова.

Мейірбике вакцина салдырғаннан кейін міндетті түрде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтап, адам көп жүретін жерге бармай, күтіну қажет екенін атап өтті.

Дәрігерлер вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайларын айтты

Ал Шығыс Қазақстан облысы Қаратал ауылының орта мектебінде мейірбике болып істейтін Шынар Әмірханқызы коронавирусқа қарсы екпе салдырғаннан кейін денесі қалтырап, екі-үш күн мазасы болмағанын айтты.

17 наурызда «Спутник V» вакцинасын салдырдым. Салғаннан кейін жағдайым жақсы болды. Кешке қарай денемнің қалтырай бастағанын байқадым. Вирусқа қарсы екпе алған тағы бір әріптесім де мен сияқты мазасызданыпты. Бірден дәрігерлерге хабарласып едім. Сөйтсек жаз кезінде коронавирустық пневмониямен ауырғандықтан, бізде осындай жанама әсері болуы мүмкін екенін айтты. Екі күндей жұмысқа бармай, үйде тынықтым. Кейіннен жағдайым жақсара бастады. Сәуірде вакцинаның екінші компонентін салдырамын, - деді ол.

Шынар Әмірханқызы атап өткендей, вакцинадан кейін суықтан қорғану керек. Маска тағып, қолды жуып жүру қажет. 

Бір-екі күнде төртінші тоқсан да басталғалы тұр. Оқушыларым үшін алаңдаймын. Жазда өзім екіжақты пневмониямен ауырғанда, бұл індеттің ауыртпалығын басымнан өткізген соң балаларды Алла сақтаса екен деймін. Әртүрлі болжам бойынша сәуір айы қиын болады деп жатыр. Екі ойлы болып отырмын. Бір жағынан балаларды аурудан алшақтатып, үйде оқытқанымыз да дұрыс. Бір жағынан оқу жылының басым бөлігін үйде оқыған балалар мектепте оралса деймін, - деді ол. 

Үш маманның вакцина салдырғаннан кейінгі жағдайын саралай келе, екпенің әркімге әртүрлі әсер беретінін байқауға болады. Осы уақытқа дейін ел бойынша коронавирусқа қарсы екпеден кейін адам өлімі тіркелмеген. Вакцинацияланғандардың дені - дене қызуы, қалтырау тәрізді белгілердің болғанын ғана айтты. 

Жақында Мәскеу мемлекеттік университеті Белозерский атындағы «Вирусология» институты кафедрасының профессоры, биологиялық ғылымдарының докторы Алексей Аграновский вакцинаның адамға еш зияны жоқ екенін растаған еді.

Тек «Спутник V» ғана емес, мәселен Pfizer вакцинасының да ешқандай кері әсері болмайды. Сіздіңше қайсысы дұрыс: қолда бар препараттарды әлі де зерттеуді жалғастырып, соңғы әрі нақты қорытындысын күткен дұрыс па, әлде вакцина салдырып, сенімді жүрген дұрыс па? Алғашқысын таңдасақ, мыңдаған адамның өмірін жоғалтамыз, - деді маман.

Кеше Бақытжан Сағынтаев Алматыда коронавирус падемиясының үшінші толқыны басталғанын мәлімдеді. Осы орайда тұрғындар санитарлық талаптарды сақтамайтын болса, коронавирусқа қарсы вакцинаның әсеріне күмән келтірсе, 2020 жылдың жазындағы оқиға елімізде қайталанбасына кім кепіл?!

Өзгелердің жаңалығы