Медициналық сақтандыру жайлы не білеміз?

25 Қазан 2019, 16:18
2908
Бөлісу:
Медициналық сақтандыру жайлы не білеміз?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілуіне 2 айдан сәл-ақ асатын уақыт қалды. Қазір Денсаулық сақтау саласын жақсартып, қызмет сапасын көтеруге бағытталған осы реформаға қызу дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Кім қанша жарна төлейді?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі ең ірі санат – жеңілдігі бар 15 санатқа жататын азаматтар. Бұл тізімге балалар, зейнеткерлер, соның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен ардагерлері, көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декреттік демалыстағы аналар, мүгедектер мен мүгедек бала күтімімен айналысатындар, жұмыссыз ретінде ресми тіркеуге тұрған азаматтар, интернат тәрбиеленушілері, студенттер, тергеу изоляторында отырғандар мен қылмыстық-түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқандар, жұмыс істемейтін оралмандар кіреді. Бүгінде олардың қарасы 10,8 миллионды құрап отыр.

Жұмыс берушілер сақтандыру жүйесіне 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қосылды. Қазір аталған санат қарамағындағы жұмыскерлері үшін жалақының 1,5% көлемінде ақша аударады. Болашақта жарна көлемі артады: 2020 жылы жұмыс беруші – жалақының 2%, 2022 жылы – 3% мөлшерінде аударым жасайды.

2017 жылдың екінші жартысында өзі үшін жарна аударған жеке кәсіпкерлер екі жылдық үзілістен кейін жүйеге қайта қосылады. Олар келер жылдан бастап 1,4 ең төменгі жалақының 5% Қорға аударады. Ай сайынғы төлем 2975 теңгені құрамақ.

Сонымен қатар, Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған 1 милионға жуық азамат тұрады. Ресми түрде тіркелмеген, жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсететін бұл топтағы азаматтар сақтандыру жүйесіне екі түрлі тәсілмен қатыса алады. Біріншісі: ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 5% немесе 2125 теңге. Екіншісі: салық органдарына барып, бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеуші ретінде тіркелу. Қала тұрғыдары 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2651 теңге, ауыл тұрғындары – 0,5 АЕК немесе 1326 теңге төлейді.

Медицинаға бөлінетін қаражат көлемі артады

2020 жылы сақтандырылған әрбір адамға көрсетілетін медициналық көмекке 83,1 мың теңге жұмсалмақ. Нәтижесінде азаматтардың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындары едәуір қысқарады.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы филилы директоры Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, МӘМС медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, консультативтік-диагностикалық көмекке бөлінетін қаражат 5 есе, науқасты оңалтуға кететін шығын 9 есеге артады.

"Қазақстанда тұратын әрбір азамат МӘМС жүйесіне қатысу жағын қазірден бастап ойластыра бастауы тиіс. Себебі, ай сайын аз ғана жарна төлеп, қажет болғанда медициналық қызметтің бағасы қымбат, көпшіліктің қалтасы көтере бермейтін түрлерін пайдалана алады. Оның құны төлеушінің 1 жыл бойы аударған сомасынан бірнеше есе асып түсуі мүмкін. Мысалы, қазірдің өзінде бір рет компьютерлік томография жасату үшін 15 мың теңге төлеу қажет", - деді Тілеухан Әбілдаев.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы 31 наурызға дейін еліміздің барлық тұрғыны жарна аударған-аудармағанына қарамастан сақтандыру шеңберінде көрсетілетін қызметтерді пайдалана алады.

Өзгелердің жаңалығы