Медициналық сақтандыру жарнасын төлеуде Алматы қаласы көш бастап тұр

14 Ақпан 2019, 20:55
1994
Бөлісу:
Медициналық сақтандыру жарнасын төлеуде Алматы қаласы көш бастап тұр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Медициналық сақтандыру қорына 30 млрд теңге жарна аударған. Бұл 2017 жылдың 1 шілдесінен бүгінгі күнге дейін жинақталған түсімдердің бестен бір бөлігін құрап отыр.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директорының орынбасары Жанар Кенжебаеваның мәліметінше, түсімдердің негізгі бөлігін жұмыс берушілер төлеген.

«2018-2019 жылдары жарна төлеу міндеті тек жұмыс берушілер санатына ғана жүктелген болатын. Жарнаның қалған бөлігі 2017 жылдың бірінші жартысында бұрынғы заң талаптары бойынша өзі үшін жарна аударған жеке кәсіпкерлерге тиесілі», - дейді Жанар Кенжебаева.

Жалпы, аймақтық тұрғыдан алғанда, Астана (12,58%) медициналық сақтандыру жарналары – аударымдары бойынша Алматы қаласынан кейін (21,04%) екінші орында, үшінші орында – Қарағанды облысы (8,23%). Бүгінгі күнге дейін Қорға түскен төлемдердің жалпы көлемі 140 млрд теңгеден асқан.

Медициналық сақтандыру қорына жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады және болашақта МӘМС пакеті аясында қызметтер ақысын төлеуге жұмсалмақ.

Естеріңізге сала кетсек, МСҚ 2018 жылдан бастап ТМККК және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы болып табылады және халыққа көрсетілетін медициналық қызметтерді ҚР Үкіметі бекіткен тәртіп бойынша сатып алумен айналысады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары, яғни жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық банкпен сенімгерлік басқару туралы келісімшарт жасасқан. Болашақта бұл қаражат Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті аясындағы қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады.

Әділет Мұсахаев


Өзгелердің жаңалығы