Медицина волонтерлерінің мектебі ашылады

2 Сәуір 2022, 16:03
1763
Бөлісу:
Медицина волонтерлерінің мектебі ашылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Birgemiz: Saulyq» жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру аясында медицина волонтерлерінің білімі мен кәсіби дағдыларын арттыруға арналған оқыту шаралары ұйымдастырылатын болады, деп хабарлайды Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Қазақстанда үш жылға созылатын жалпыұлттық «Birgemiz: Saulyq» жобасы іске асырыла бастады. Ол денсаулық сақтау саласына волонтерлерді тартуды, хоспистер мен онкодиспансерлердегі науқастарды күтуде медициналық персоналға жәрдемдесуді көздейді.

Медицина волонтерлерінің мектебі ашылады

«Медицина Жастары» РҚБ атқарушы директоры Жәнібек Солтанайдың айтуына қарағанда, жоба кемінде 2 мың волонтерді жұмылдыратын болады.

Бұл жобаны біз өткен жылы да жүзеге асырдық. Медицина волонтерлері қызметінің 17 фронт-офисі ашылды. Олардың барлығы өз жұмысын жалғастырады. «Birgemiz: Saulyq» жобасына медициналық ЖОО мен колледждердің студенттері қатарынан 2 мың волонтерді тарту жоспарымызда бар. Сондай-ақ, бізге жобаға кемінде 50 күміс еріктіні шақыруымыз керек. Оларды медициналық қауымдастықтар арқылы тартуды жоспарлап отырмыз. Аға буын еріктілерінің арасында кеңес беруге дайын жақсы мамандар аз емес. Олар науқастар мен олардың туыстарына ақысыз негізде көмектеседі, - деді ол жобаны таныстыру барысында.

Жобаны іске асырушылар еріктілердің білім алуына да ерекше мән бермек.

Волонтерлерді дайындау мақсатында біз медицина еріктілерінің мектебін құрамыз. Онда еліміздің барлық өңірлерінде  оқитын болады. Тәжірибе алмасу үшін біз спикерлер ретінде ТМД-ның, алыс және жақын шетелдердің медицина саласында волонтерлікпен айналысатын адамдарды шақыратын боламыз. Сондай - ақ, тыңдаушыларымыз үшін Қазақстанның медицина саласына еңбек сіңірген қайраткерлермен кездесулер ұйымдастыратын боламыз, - дейді Жәнібек Солтанай.

Айта кетейік, «Birgemiz: Saulyq» жалпыұлттық жобасын іске асыру 2024 жылдың соңына дейін жалғасатын болады.

Өзгелердің жаңалығы