Медицина қызметкерлерінің мәртебесін анықтайтын құжат әзірленеді

1 Маусым 2023, 20:10
1216
Бөлісу:
Медицина қызметкерлерінің мәртебесін анықтайтын құжат әзірленеді
Фото: ҚРКФ медиаорталығы

Кәсіподақтар федерациясы медицина қызметкерлерінің мәртебесін анықтау және құқықтарын қорғау бойынша ұсыныстар пакетін дайындап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚРКФ медиаорталығының хабарлауынша, Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ мүше ұйымы – «QazMed» медицина қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымы елордада ұйымдастырған «Қазақстан Республикасы медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы» атты дөңгелек үстелге қатысты.

Медицина саласының жетекші мамандары, елордалық емханалардың бас дәрігерлері, кәсіптік бірлестіктердің өкілдері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері медицина қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін талқылауға жиналды.

Дөңгелек үстел жұмысын ашқан «QazMed» медицина қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Әлиакпар Мәтішев медицина саласындағы кәсіподақ ұйымының қызметі туралы айтып өтті. «QazMed» 2015 жылы құрылып, 2019 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының құрамына енді.

2023-2025 жылдарға арналған салалық келісім қабылданды, 2023 жылдың қаңтарынан бастап еңбекақы төлеу жүйесінде арттырушы коэффициент 1,15-тен 3,32-ге дейін көтерілді, жалақыны индекстеу қарастырылған, медицина қызметкерлерінің ақылы еңбек демалысының ұзақтығы ұлғайтылды, - деді Әлиакпар Мәтішев.

Шараға қатысушыларға арнаған сөзінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Федерацияның өзі және оның мүше ұйымдары – салалық кәсіподақтар қазақстандық еңбеккерлердің, оның ішінде, медицина саласында да әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауды бақылауда ұстайтынын атап өтті.

Біздің медицина қызметкерлеріне COVID-19 пандемиясы кезінде көрсеткен ерліктері үшін алғыс айтқым келеді. Кәсіподақтар медицина қызметкерлерін қолдауға барынша күш салды. Үкімет қолдаған Кәсіподақтар федерациясы мен оның мүше ұйымдарының бастамаларының арқасында барлық медицина қызметкерлеріне, соның ішінде, денсаулық сақтау ұйымдарының қосалқы қызметкерлеріне санатына қарай жалақыларына үстемеақылар төленді. Бүгінгі таңда медициналық кәсіподақ қоғамдастығына 300 мыңнан астам кәсіподақ мүшелері кіреді, олардың көпшілігі жалдамалы еңбеккерлер, тиісінше, олардың әлеуметтік және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауды қажет етеді. Бұл әлеуметтік мәртебе, кепілдіктер, еңбекақы, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру мәселелері, медицина қызметкерлерінің әділ құқықтық қорғалуына қатысты. Әрбір медицина қызметкерінің заңмен бекітілген кепілдіктері болуы керек деп есептейміз, - деді Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде «QazMed» салалық кәсіподақ ұйымының кеңесшісі Елжан Біртанов медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуы жеке салаға емес, бүкіл қоғамға қатысты екенін атап өтті. Бұл ретте кәсіподақтарға ерекше рөл жүктеледі.

Медицина саласын дамыту үшін кәсіподақтардың әлеуеті зор. Медицина қызметкерлерін қорғау мәселесі біз үшін жай жұмыс емес, бұл – өмірдің өзі. Медицинадағы салалық мәдениетті жаңғыртып, медициналық қауымның мүддесін қорғаудың заңнамалық базасын жетілдіру қажет, - деп өз пікірімен бөлісті Елжан Біртанов.

Медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалуын жетілдіру мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ, бірақ соңғы уақытта жедел жәрдем дәрігерлеріне шабуыл жасау жиілеп кеткен кезде, тіпті жұмыс орнында медицина қызметкерлерін өлтіру жағдайлары орын алғандықтан өзекті бола бастады.

Өзгелердің жаңалығы