Медеу мен Шымбұлақтан Almaty SuperSki-ге дейін: Алматының тау туризмі қалай өзгереді?

Медеу мен Шымбұлақты жаңғырту, Almaty SuperSki жобасы, жыл бойғы туризм және 5 мың жұмыс орны – Алматының тау кластерін дамыту жоспары.

 ©BAQ.KZ коллаж 11 Қазан 2026, 13:51
11 Қазан 2026, 13:51
199
Фото: ©BAQ.KZ коллаж

Алматының тау туризмін дамыту жоспары Медеу мен Шымбұлақты жаңғыртумен ғана шектелмейді. Көкжайлауда салынуы жоспарланған Almaty SuperSki тау кластері де туристік инфрақұрылымды кеңейтіп, балалар мен жаңадан шаңғы тебуді үйренушілерге жаңа мүмкіндік ашуы мүмкін. Жобаға қатысты талқылауларда туристерге қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздік, жаңа жұмыс орындарын ашу және табиғи аумақтарды сақтау мәселелері қатар көтеріліп отыр.

Тау кластерінің болашағы туралы сарапшылар не дейді? Жаңа жоба қала тұрғындарының таудағы демалысына қалай әсер етуі мүмкін?

Медеу мен Шымбұлақты жаңғырту не береді?

Алматының тау кластерін дамыту өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, демалушылар үшін қауіпсіз әрі заманауи инфрақұрылым қалыптастыруды көздейді. Алайда мұндай жобаларды жүзеге асырғанда табиғи ортаны сақтау да басты назарда болуы керек.

«Туристік Қамқор» қорының төрайымы Инна Рейдің айтуынша, Қазақстан тау инфрақұрылымын дамытуға бірқатар елден кейін кіріскенімен, бұл халықаралық тәжірибені ескеруге мүмкіндік береді.

©BAQ.KZ

Ұсынылып отырған жүйе туристерді тартуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғи аумақтардағы тәртіпті жақсартуға мүмкіндік береді, – деді Инна Рей.

Сарапшы әлемге танымал Гранд-Каньон мен Эверест маңындағы туристік нысандардың жұмысымен танысқанын айтып, Алматының тау кластері жобасында халықаралық тәжірибенің жекелеген элементтері ескерілгенін жеткізді.

Оның пікірінше, инфрақұрылымды дамытумен қатар, экологиялық талаптарды сақтау да маңызды. Өйткені тау экожүйесі сыртқы әсерге сезімтал. Туристер ағынын дұрыс ұйымдастыру табиғи аумақтарға түсетін салмақты азайтып, адамдар үшін демалысты қолайлы әрі қауіпсіз етуге көмектеседі.

Қазақстанның еңбек сіңірген туризм қызметкері, профессор Шынарбек Батырханов та тау кластерін дамыту бастамасын қолдайды. Ол Медеу мен Шымбұлақты жаңғырту Алматының туристік мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін деп есептейді.

Бұл – Қазақстан үшін маңызды жоба. Медеу мен Шымбұлақта ауқымды жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Жоба таныстырылымында экологиялық талаптардың қатаң сақталатынына ерекше назар аударылды. Сондықтан бұл бастама туристерді тартумен қатар, табиғи ортаны сақтауға да ықпал етуі мүмкін, – деді Шынарбек Батырханов.

Профессордың айтуынша, Алматының таулы аумақтары қазақстандықтар арасында да, шетелдік туристер арасында да сұранысқа ие. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту кезінде табиғи ландшафттың ерекшеліктерін ескеріп, таулардың табиғи тартымдылығын сақтай отырып, келушілерге қолайлы жағдай жасау қажет.

Almaty SuperSki кімдерге арналған?

Көкжайлау аумағында салынуы жоспарланған Almaty SuperSki жобасының негізгі ерекшеліктерінің бірі – балалар мен шаңғы тебуді енді үйреніп жүрген адамдарға арналған трассалардың көп болуы. Жоспар бойынша, трассалардың 70%-ына дейінгі бөлігі осы санаттағы келушілерге бейімделуі мүмкін.

Жоба авторларының мақсаты – бұрын тау шаңғысы курорттарына сирек барған немесе мүлде бармаған адамдарды да тарту. Бұл ретте балалар, мектеп оқушылары, студенттер және балалы отбасыларға ерекше назар аударылмақ.

©BAQ.KZ 

Kazakh Tourism Development компаниясының мәліметінше, тау шаңғысын көпшілікке қолжетімді ету үшін тек инфрақұрылым салу жеткіліксіз. Келушілердің шығынына шаңғы жолдамасынан бөлек, аспалы жолдарды пайдалану, жабдықтарды жалға алу және нұсқаушының қызметі де әсер етеді.

Баға саясаты курортты көпшілікке қолжетімді етуде шешуші мәнге ие. Сондықтан Almaty SuperSki жобасында қолжетімділік тек шаңғы жолдамасының құнымен шектелмейді. Аспалы жолдарды пайдалану, жабдықтарды жалға алу, оқыту және қажетті инфрақұрылым қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігі де кешенді түрде қарастырылады, – деп атап өтті Kazakh Tourism Development өкілдері.

Компанияның түсіндіруінше, отбасыларға, студенттерге, мектеп топтары мен шаңғы тебуді жаңадан үйренушілерге арналған арнайы тарифтер, топтық ұсыныстар және жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін. Дегенмен курорт қызметтерінің нақты бағасы әзірге бекітілмеген.

Көкжайлауда оқушылар шаңғы тебуді үйренуі мүмкін

Жобаның тағы бір бағыты – балаларды қысқы спортқа тарту. Болашақ курорт аумағында Алматы мектептерінің оқушыларына дене шынықтыру сабақтарын өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Бұл бастама туралы Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев туризмді дамыту мәселелері талқыланған жиында айтқан болатын.

Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, болашақ курорт аумағында дене шынықтыру сабақтарын өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұндай тәжірибе Еуропа елдерінде кеңінен қолданылады, – деді Ержан Еркінбаев.

Оның айтуынша, Австрияда жыл сайын 80 мыңнан астам оқушы мектеп бағдарламасы аясында шаңғы спортымен айналысады. Швейцарияда мұндай балалардың саны 128 мыңнан асады. Ал Франция мен Италияда оқушылардың тау шаңғысы курорттарына баруын қолдайтын мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді.

Ержан Еркінбаев Көкжайлауда қысқы спортпен қатар, жаяу серуендеуге және велосипед тебуге арналған бағыттар желісін құру жоспары бар екенін де айтқан.

Алматы курорты – әлемдік деңгейдегі, жыл бойы жұмыс істейтін туристік бағыт. Қазір Көкжайлау шатқалындағы жаяу және велосипед бағыттарының жоспары әзірленіп жатыр. Бұл туристердің қызығушылығын жылдың барлық 12 айында сақтауға мүмкіндік береді, – деді компания басшысы.

Оқушыларға арналған сабақтарды ұйымдастыру үшін қауіпсіз оқу аймақтары, арнайы дайындықтан өткен нұсқаушылар, жабдықтарды жалға беру қызметі, көлік және білім беру органдарымен бірлескен жұмыс қажет болады. Мұндай бастама жүзеге асса, балалардың тау шаңғысымен жүйелі түрде айналысуына мүмкіндік туады.

Күніне 10 мыңнан астам шаңғышы қабылдау жоспарланған

Жоба операторының мәліметінше, Almaty SuperSki курортының өткізу мүмкіндігі күніне 10 мыңнан астам шаңғышыны құрауы мүмкін.

Алайда жобаның мақсаты курортты күн сайын шекті сыйымдылығына дейін толтыру емес. Негізгі міндет – тауға алғаш келген адамдардың кейін де тұрақты барып, қысқы спортпен айналысуына жағдай жасау.

©BAQ.KZ

Жаңа кластер Алматыдағы қолданыстағы тау шаңғысы орындарына түсетін жүктемені азайтуға да бағытталған. Қазір келушілер көп жиналатын күндері негізгі ағын шектеулі курорттарға шоғырланады. Қосымша инфрақұрылым салу туристерді бірнеше аймаққа бөліп, демалыс түрі мен шаңғы тебу деңгейіне қарай бағыттауға мүмкіндік беруі мүмкін.

Осылайша, Almaty SuperSki қолданыстағы курорттардың орнын басатын жоба емес, Алматының тау туризмін ортақ жүйе ретінде дамытуға арналған бастама ретінде қарастырылып отыр.

Тау кластері жастарға қандай жұмыс ұсынады?

Almaty SuperSki жобасы туристік инфрақұрылымды кеңейтумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуды да көздейді. Жоба операторының мәліметінше, курорт іске қосылғаннан кейін шамамен 5 мың адамды тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл туралы Kazakh Tourism Development компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев студенттермен кездесуде де айтқан.

Бүгінгі студенттер бірнеше жылдан кейін жаңа туристік экожүйеде жұмыс істеп, Алматының дамуына үлес қосады. Сондықтан олардың осы диалогқа қатысуы біз үшін аса маңызды, – деді Ержан Еркінбаев.

Жаңа жұмыс орындары тек туризм мен қонақүй саласында ғана емес, инженерия, экология, маркетинг, техникалық қызмет көрсету және тау инфрақұрылымын пайдалану бағыттарында да ашылуы мүмкін. Жобаға жауапты компания өкілдері болашақта осы салаларға қажетті мамандарды қазақстандық жоғары оқу орындары даярлай алады деп есептейді.

Almaty Tau Management компаниясының басқарма төрағасы Жан-Пьер Барало да тау индустриясының жастарға жаңа кәсіби мүмкіндіктер ашатынын атап өткен.

Алматының тау кластерін дамыту жаңа жұмыс орындары мен түрлі кәсіби бағыттардың пайда болуына негіз болады. Бұл еңбек жолын енді бастаған жас мамандар үшін әсіресе жақсы мүмкіндік, – деді Жан-Пьер Барало.

Оның айтуынша, тау туризмі қонақүй бизнесін, туризмді, спорттық менеджментті, инженерияны, технологияларды, қауіпсіздік қызметін және тау инфрақұрылымын пайдалануды қамтиды.

Болашақта инженерия, цифрлық технологиялар, туристік қызметтерді басқару және арнайы тау инфрақұрылымын пайдалану тоғысқан жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін, – деді ол.

Жан-Пьер Баралоның айтуынша, бұл салада кәсіби өсу үшін тәжірибелік дағдылар мен арнайы дайындық маңызды. Осы бағытта тау туризмі мен курорт индустриясына мамандар даярлап, олардың біліктілігін арттыруға арналған Almaty Tau Academy жобасы да қарастырылып отыр.

Академия тау туризмі мен курорт индустриясына мамандар даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға бағытталады. Қонақжайлылық, туризм, спорттық менеджмент, инженерия, технологиялар және тау кәсіптері бойынша оқыту жоспарланып отыр, – деді Жан-Пьер Барало.

Оның пікірінше, жастардың жұмыс орнында тәжірибеден өтіп, қолданыстағы курорттарда тағылымдамадан өтуі және халықаралық серіктестермен жұмыс істеуі кәсіби дамуына көмектеседі.

Туризм дамығанда табиғат қалай қорғалады?

Тау кластерін дамытуға қатысты талқылауларда экология мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қала тұрғындарының бір бөлігі жаңа инфрақұрылым тауға баруды қолайлы әрі қауіпсіз етеді деп есептесе, енді бірі табиғи ортаға түсетін салмақты азайтып, өңірдің бірегей экожүйесін сақтаудың маңызын көтеріп отыр.

Инна Рейдің айтуынша, тау экожүйесі сыртқы әсерге сезімтал болғандықтан, инфрақұрылымдық жобалар табиғатты қорғау шараларымен қатар жүруі керек. Туристер ағынын дұрыс ұйымдастыру қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, демалыс орындарының қауіпсіздігін жақсартуға мүмкіндік береді.

Шынарбек Батырханов та таулардың табиғи келбетін сақтауды басты талаптардың бірі деп санайды. Оның пікірінше, Алматының тау туризмін дамытудағы міндет – туристерге қолайлы жағдай жасау мен табиғи ландшафттың ерекшеліктерін сақтауды қатар алып жүру.

©BAQ.KZ

Ал Almaty SuperSki жобасына қатысты бұған дейінгі материалда Экология және табиғи ресурстар министрлігі ғалымдар мен жетекші эколог мамандардың қатысуымен кешенді зерттеулер жүргізілгенін хабарлаған. Ведомство өкілдерінің айтуынша, зерттеу нәтижесінде жобаның қоршаған ортаға теріс әсер етпейтіні анықталған. Министрлік жоба жүзеге асырылатын барлық кезеңде экологиялық сүйемелдеу жалғасатынын да мәлімдеген.

Медеу мен Шымбұлақты жаңғырту, Көкжайлауда Almaty SuperSki кластерін дамыту және балалар мен жастарға арналған мүмкіндіктерді кеңейту Алматының тау туризмін өзгертуге бағытталған. Бұл бастамалардың нәтижесі туристерге қолайлы жағдай жасаумен ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу, қысқы спортты көпшілікке қолжетімді ету және табиғи аумақтарды сақтау міндеттерінің қаншалықты үйлесімді орындалатынымен де өлшенеді.

Наверх