Мәжіліс жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салынған заң жобасын қабылдады

5 Мамыр 2021, 14:23
5677
Бөлісу:
Мәжіліс жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салынған заң жобасын қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс депутаттары Сенат қайтарып жіберген жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салатын заңды қабылдады.

Сенат ұсынған өзгеріс пен толықтыру шетелдік жер пайдаланушылардың және шетелдік қатысуы бар заңды тұлғалардың, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жекеменшік және жер пайдалану құқығымен қандастардың иеленуіне тыйым салуды енгізуді көздейтін заң жобасының Мәжіліс мақұлдаған тұжырымдамасын бұзбайды, - дейді депутат Берік Оспанов. 
Еске сала кетейік, Жер қатынастары туралы заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салу көзделген.

Сенат Жер кодексінің 48-бабының 2-тармағына өзгеріс және 128-бабы 4-тармағының бірінші абзацына толықтыру енгізген болатын. Яғни жеке орман өсіру үшін жер учаскелерін тек Қазақстан азаматтарына және шетелдік үлесі жоқ заңды тұлғаларға беру туралы тиісті өзгеріспен толықтырылды.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, бүгінде 74,4 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін шетелдік қатысуы бар 7 кәсіпорын, 18,5 мың гектар жерді екі шетелдік заңды тұлға жалға алып отыр. 

Атап айтқанда, оның ішінде Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына арналған ауданы 5,9 мың гектар жерді – бір кәсіпорын, Павлодар облысында ауданы 35,2 мың гектар ауыл шаруашылық мақсатындағы жері бар – бір кәсіпорын, Атырау облысында 1,6 мың гектар бір кәсіпорын және Ақмола облысында жалпы ауданы 34,7 мың гектарды құрайтын ауыл шаруашылық мақсатындағы жер алған төрт кәсіпорын бар. 

Сондай-ақ, екі шетелдік компания жұмыс істейді. Шығыс Қазақстан облысында 14,9 мың гектар алқабы бар бір кәсіпорын және Жамбыл облысында 3,6 мың гектар алқабы бар бір кәсіпорын бар. Олардың жалға алу мерзімі 2022-ден 2025 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Осы уақыт өткеннен кейін бұл жерлердің бәрі Үкіметке қайтарылады.


Өзгелердің жаңалығы