Мәжіліс депутаттары Шымкенттегі әлеуметтік нысандар құрылысын бақылады

14 Шілде 2021, 22:47
2066
Бөлісу:
Мәжіліс депутаттары Шымкенттегі әлеуметтік нысандар құрылысын бақылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс депутаттары Мұхтар Ерман, Берік Бекжанов пен Ғани Ташқараев Шымкент қаласының «Құрсай» шағын ауданында салынып жатқан мектеп құрылысының барысымен танысты.

Құрылыс нысаны Абай ауданындағы үш ауысымды мектептер мәселесін түпкілікті шешу мақсатында жүргізілуде. Жаңадан салынып жатқан мектеп пайдалануға берілсе «Құрсай» шағын ауданындағы көптеген өскелең ұрпақтың бір ауысымда білім алуына мүмкіндік туады. Бүгінде «Құрсай» шағын ауданындағы оқушылар саны 3112-ге жеткен. Бүгінгі таңда нысан құрылысының 60 пайызы орындалған. Мектеп осы жылдың аяғына дейін ел пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.   Жобаның жалпы құны 835 млн. теңгені құрайды. Шымкентте демографияның өсу үдересі қарқынды. Сондықтан да әлеуметтік маңызы бар нысандарды көптеп салу қала болашағы үшін баянды жұмыс болып табылады.

Халық қалаулылары шағын аудандағы жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуде ағымдағы жылы сапалы білім беру үшін жағдай жасау мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар түзілгені, аталған жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін Шымкентте 72 мектеп құрылысы жүргізілетіні айтылды. Оның ішінде, 2021 жылы 18 732 орынға арналған 32 мектеп құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 10 222 орынға арналған 20 мектеп пайдалануға берілмек. Нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға азаятыны, ал 2023 жылға дейін түпкілікті шешілетіні айтылды.

Бұдан бөлек депутаттар тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Кездесуде «Құрсай» шағын ауданының тұрғындары халық қалаулыларына мектепке баратын жол сапасының сын көтермейтініне наразы екендіктерін білдірді. Өз кезегінде Берік Бекжанов бұл мәселені бақылауға алып, оның шешімін табуына ықпал ететінін айтты. Кездесуге кәсіпкерлер де қатысты. Мәселен, жекеменшік мектеп құрылысын жүргізіп жүрген инвестор аталған нысанды салуға кететін шығынның көптігін ескере отырып, оларды салық төлеу кезінде жеңілдіктерге ие болуын жолға қоюға үйытқы болуды ұсынды. Мәжіліс депутаты Ерман Мұхтар жекеменшік мектептер тек үш ауысым мәселесін шешіп қана қоймай, оқушылардың сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмелерге баруына жағдай жасайтынын, сондықтан да инвесторлардың мұндай ұсыныстары қолдау табуы керектігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы