Мәжіліс депутаттары көтерме-тарату орталықтарын құру мәселелерін талқылады

8 Қазан 2021, 21:41
6861
Бөлісу:
Мәжіліс депутаттары көтерме-тарату орталықтарын құру мәселелерін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті 7-8 қазанда Қарағанды облысында «Көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың және дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында көшпелі отырыс өткізді.

Жұмыс сапары барысында депутаттар "Global City" көтерме-тарату орталығы, "Астра-Агро LTD" элиталық тұқым өсіру шаруашылығы, "Шанс" шаруа қожалығында болып, олардың аграрлық өнеркәсіп кешені саласындағы озық қызметімен танысты. 

«Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын іске асыру аясында ұйымдастырылған Комитет отырысына депутаттармен қатар Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктерінің, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қатысты. 

Комитет отырысында көтерме-тарату орталықтарын құру және дамыту, сауда-логистикалық инфрақұрылымның артықшылықтары және оның әлеуетін агроазық-түлік нарығының барлық қатысушыларымен пайдалану мүмкіндігі мәселелері талқыланды. 

Отырысты ашқан Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Е. Барлыбаев қазіргі коронавирустық пандемия жағдайында қазақстандықтарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз ету мәселесінің өзектілігін атап өтті. 

Тақырыпқа қатысты баяндама жасаған Сауда және интеграция вице-министрі Е. Қазанбаев көтерме тарату орталықтары қай мерзімде салынатынына тоқталса, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ж. Өсербай бүгінде жұмыс істеп тұрған көтерме-тарату орталықтарының оң нәтижелері туралы баяндап берді. 

Жалпы, отырысқа қатысушылар фермерлердің көтерме-тарату орталықтарымен өзара іс-қимыл тетігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайтуға жағдай жасайтынын, делдалдық тізбектің байланыстарын азайтатынын, отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыруға қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік беретінін айтты.

Іс-шара қорытындысы бойынша, отырысқа қатысушылар уәкілетті органдарға көтерме-тарату орталықтарының желісін одан әрі құру және дамыту мәселелері бойынша тиісті тапсырмалар берді.  

Өзгелердің жаңалығы