Мәжіліс бірінші сессиядағы жұмысын аяқтады

27 Маусым 2023, 11:08
1240
Бөлісу:
Мәжіліс бірінші сессиядағы жұмысын аяқтады
Фото: BAQ.KZ - архив

Палатаның жалпы отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның бірінші сессиясының жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сессияның ашылуында Мәжілістегі әр фракцияға бірқатар міндет жүктеген болатын. Депутаттар осы міндеттерді орындауға ат салысып келе жатыр. Болашақта да жұмыс қарқынды жалғасады деп ойлаймын. Өйткені бәріміздің мақсат-мұратымыз бір. Ол – Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау, - деді палата спикері жалпы отырыста.

Қошанов сессия қысқа болғанымен өте маңызды әрі маңызды өткенін айтты.

Осы жолғы сайланымның бір ерекшелігі – депутаттар көптеген маңызды жобасына өздері бастамашы болды. Бұл сессияда 31 заң қабылдадық. Олардың үштен бірі депутаттардың бастамашы болған заңдары. Әр депутаттық бастаманың артында партиялар мен депутаттардың ұстанымдары, сайлаушылардың үміті мен сенімі тұр. Депутаттар азаматтардың сайлау науқаны кезінде айтылған барлық талап-тілегін ескерді, - деп айтты Мәжіліс төрағасы.

Мысалы, депутаттар қоғамдық бақылау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару, жол қозғалысын ұйымдастыру, сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, онлайн платформалар мен онлайн жарнама мәселелері туралы заңдарды қабылдауға ұйытқы болды.

Әр заң партиялық фракцияларда азаматтық қоғам өкілдерімен бірге жан-жақты талқыланды. Президент айтқан «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы шеңберінде Мәжілістің өкілеттігі күшейтілгенін білесіздер. Соның аясында алғаш рет Жоғары аудиторлық палатының есебін тыңдадық, - деп атап өтті ол.

Депутаттар осы сессияның әр жалпы отырысында орта есеппен 30 депутаттық сауал жариялаған.

Құрметті депутаттар сессия аяқталып жатыр. Алда өңірлерге сапарлар, халықпен кездесулер күтіп тұр. Біз барлық өңірді, шалғайдағы ауылдар мен елді мекендерде кездесу өткізуге тиіспіз. Басты мақсатымыз – елдің ортасында болып, түйіткілдерді шешуге көмектесу, өңірлермен байланысты нығайту. Жазда атқарылған жұмыс келесі сессияға оң әсерін тигізеді деп білемін. Сессияда жемісті жұмыс істегендеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, - деп сөзін қорытындылады Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері заңдардың мән-жайын халыққа түсіндіріп келе жатқан БАҚ өкілдеріне де алғысын айтты.

Өзгелердің жаңалығы