«Майраның салған ізімен» республикалық фестивалінің жеңімпазы анықталды

22 Қыркүйек 2020, 22:51
1771
Бөлісу:
«Майраның салған ізімен» республикалық фестивалінің жеңімпазы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ертіс өңірінен шыққан аса дарынды талант иесі, күміс көмей әнші, композитор Майра Уәлиқызы Шамсутдинованың 130 жылдығына арналған «Майраның салған ізімен» атты республикалық байқауда іріктеуден өткен 19 адам бақ сынады, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Дәстүрлі ән орындаушы қыз-келіншектер арасында онлайн  форматта ұйымдастырылған байқауға еліміздің әртүрлі өңірлерінен қатысты.  Барлығы 25 өтінім түскен болатын.  Оның ішіне Ақтөбе облысы, Шығыс Қазақстан облысы,  Нұр-Сұлтан қаласы, Жамбыл облысы,  Алматы облысы,  Батыс Қазақстан облысы,  Шымкент қаласынан және өзіміздің Ертіс өңірінің өнерпаздары бар. Олар Майра Уәлиқызының «Толқыма», «Бақша»,  «Майра» және  «Толқын» әндерін орындады, -  дейді Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының бас редакторы Сәуле Мұқаева.
Елімізге танымал дәстүрлі әншілер және ҚР Мәдениет және өнер қайраткерлерінен құрылған арнайы қазылар алқасы қатысушыларды орындаушылық шеберлігі мен дауыс мәнеріне, сахна мәдениеті мен киім үлгісіне қарай бағалаған.
Бұл фестивальдің мақсаты - дәстүрлі ән өнерінің ірі тұлғаларының бірі Майра Шамсутдинованың шығармаларын келер ұрпаққа кеңінен насихаттап, естілмеген, ұмыт болып бара жатқан әндерін орындауға жастарды баулу, жанды дауыста сырнаймен және ұлттық аспаптарда ән айтуға шақыру, - дейді Сәуле Мұқаева.  
Байқаудың қортындысы бойынша бас жүлдені Ақтөбе қаласының намысын қорғаған Ғазиза Абдирова қанжығасына байлады.

I орын мен лауреат атағын Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының әншісі Сауле Мусипова жеңіп алды.  

II орынды  Павлодар қаласынан қатысқан Салтанат Кисатова,  III орынды  Семей қаласынан қатысқан Алтын Смасеитова иеленді. 

Сондай-ақ «Көрермен көзайымы» дипломдары Талдықорған қаласынан Айдана  Анапьяева мен павлодарлық Жанаргүл Рахатқа лайық деп танылды. 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйақы және дипломдармен, қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.
Өзгелердің жаңалығы