Майами халықаралық әуежайында Amazon Air жүк ұшағының апаты салдарынан бес адам қаза тауып, тағы бес адам ауыр жарақат алды. Boeing 767-300 ұшағы қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, жердегі бірнеше көлікпен соқтығысқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі BBS News-ке сілтеме жасап.
Болған оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің нақты қай жерде болғаны әзірге белгісіз.
Округ мэрі Даниэлла Левин Каваның айтуынша, бес адам қаза тауып, тағы бесеуі жарақат алған. Зардап шеккендердің үшеуі аса ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Майами өрт сөндіру қызметінің хабарлауынша, зардап шеккен бірнеше адам жердегі көліктердің ішінде немесе астында қалып қойып, оларды құтқарушылар мен өрт сөндірушілер эвакуациялаған.
Әуежайдың мәліметінше, Солтүстік Каролинада орналасқан 21 Air чартерлік компаниясы басқаратын Amazon рейсі Майами халықаралық әуежайының диагональды ұшу-қону жолағын басып өтіп, әуежайдың солтүстік-батыс шетінде тоқтаған. Оқиға орнына 200-ден астам өрт сөндіруші тартылып, өрт сөндірілгенімен, жерде отынның ағуы тіркелді.
Федералды азаматтық авиация басқармасы (FAA) барлық рейстерді уақытша тоқтатты. Апат Дүниежүзілік еңбек күніне тұспа-тұс келіп, туристік сапарлардың ең қарқынды кезінде орын алды.
Amazon компаниясының жаһандық корпоративтік байланыс пен медиа жөніндегі директоры Келли Нантел оқиғаға байланысты көңіл айтты.
Майами халықаралық әуежайында болған қайғылы оқиғадан бес адамның қаза тапқанын естіп, қабырғамыз қайысты. Қаза тапқандардың отбасыларына, жақындарына және осы апаттан зардап шеккен барлық жандарға көңіл айтамыз. Бұл оқиға 21 Air компаниясының ұшағы қонуға әрекет жасаған сәтте орын алды. Біз мән-жайды анықтау үшін жергілікті билік пен ресми өкілдермен тығыз жұмыс істеп жатырмыз және тергеу жұмысына толық қолдау көрсетеміз, – деді ол.
FlightRadar24 бақылау орталығының деректері бойынша, Amazon жүк рейсі «қолданыстағы ұшу-қону жолағынан» шыққан кезде сағатына 112 түйін жылдамдықпен қозғалған. Сайт блогында ұшақтың Amazon қоймасы мен басқа да кәсіпорындарға қызмет көрсететін тұрақ маңында тоқтағаны айтылған. Оқиға кезінде Майамиде жеңіл найзағай мен екпінді жел болған.
Апат салдарынан көптеген рейстің тоқтатылуы немесе кешіктірілуі жолаушылардың наразылығын тудырды. Авиакомпаниялардың тіркеу үстелдерінің маңында ұзақ кезектер пайда болды. Көптеген адам сапар жоспарын өзгертуге мәжбүр болып, кейбір жолаушылар Майамиде тағы бір күн қалуға тура келетінін жеткізді. Транспорт қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA) мәліметінше, мереке алдындағы аптада АҚШ әуежайлары арқылы 17 миллион саяхатшы өтеді деп болжанған еді.
Еске салайық, бұған дейін Калифорнияда төрт адам мінген ұшақ апатқа ұшырап, екі бала қаза тапты.
Тағы оқи отырыңыз:
Үндістанда ұшақ әуежайдағы бағанаға соғылды
«Әзілдесуге болмайды»: Зейнеткер Алматы-Ақтау рейсінен түсіріліп, жауапқа тартылды
Қазақстанда халықаралық әуе бағыттарының саны 161-ге жетті