Мәуленов ісі. ЖЭО экс-басшысы рейдерліктің құрбаны ма?

1 Қазан 2022, 13:50
2055
Бөлісу:
Мәуленов ісі. ЖЭО экс-басшысы рейдерліктің құрбаны ма?

Тараз қаласында мемлекет қаржысын жымқырды деп айыпталған тоғыз айыпталушының туыстары оларды кінәсіз деп санап, босатуды талап етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айыпталушылар – жергілікті энергия орталығының бұрынғы қызметкерлері. Ал темір тордың арғы жағында қарапайым инженерлер мен жұмысшылар ғана емес, ұлымен бірге компанияның экс-президенті де отыр.

«Менің балам түрмеде жатқанына бір жылдан асты, сол жерде инсульт алды. Менің немерем - 20 жастағы бала да түрмеде отыр, темір тордың арғы бетінде отырған ол екі рет өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Балаларымды жіберіңіздер, оларға күш көрсетпеңіздер! Олар ештеңе істемеді, тым болмаса үйқамаққа шығарсын», - деп сұрады Мәуленовтердің анасы Жанар Ысқақова.

Мәуленов ісі. ЖЭО экс-басшысы рейдерліктің құрбаны ма?

Екі миллиард теңгені жымқыру ісі бойынша басты айыпталушылар – «ТаразЭнергоОрталық» компаниясының экс-президенті Бақберген Мәуленов пен оның ұлы. Екеуі де бір жылдан астам уақыттан бері қамауда отыр. Компанияның инженерлері мен жұмысшылары сыбайластары болып саналады, олар әзірге бостандықта.

Тергеушілердің айтуынша, бүкіл облыс орталығын ыстық сумен және жылумен қамтамасыз ететін нысанды жеке меншікке алған кәсіпкерлер мемлекет қаржысын өз қажеттіліктеріне жұмсаған.

Алайда, экс-басшының өзі Жамбыл облысы әкімдігі бір теңге де бермегенін айтады, қылмыстық істі кәдімгі рейдерлік әрекет деп санайды.

«Бұл істің артында үлкен күштер тұр, олар – облыстың экс-шенеуніктері. Мен ұсталғанға дейін олар ЖЭО-ға келіп, мені қорқытпақ болды. Олардың талабына сай, мен ЖЭО-ны қайтаруым керек. Бірақ мен оны аукционға қойылған кезде, жеңіп алдым. Сондықтан оны қайтарудан бас тарттым. Артынша, мені «мемлекет қаржысын жымқырды» деп айыптады. Бірақ мен ол жерден бір теңге де алған жоқпын, жай ғана инвестицияладым. Тіпті қазір декларациялап жатқан қарыздардың қайдан шыққанын да түсінбеймін», - деді сотталушы Бақберген Мәуленов.

Б.Мәуленовтің адвокаты Ғабит Пірмағамбетовтің сөзіне сенсек, бұл қылмыстық істің рейдерлік әрекет екенін растайтын құжаттар да бар.

«Мәселен, Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірдегі тергеушілері әу баста жапа шегуші болып саналған Жамбыл облысы әкімдігі Қаржы басқармасына екі рет Мәуленовті айыптау парағын алып барып, қол қойдыруға тырысқан. Оның алғашқысында «ЖЭО экс-басшысы 2 млрд теңге жымқырды» делінсе, келесісінде «4 млрд теңге жымқырды» деп жазылған. Бұл деректерді Қаржы басқармасының өкілі Асадовтың өзі сот процесі барысында растады. Бізде нақты құжаттары бар», - деді заңгер.

Сотталушының туысары әлдебір күштердің ықпалымен Бақберген Мәуленов пен ұлын қамақта ұстап отырғанына сенімді.

«Әйтпесе, дәл осы ахуалда айыпталушыны өзін қорғауға мүмкіндік берілуі керек қой. Ешқандай мүмкіндік беріліп жатқан жоқ, ең болмаса үй қамаққа шығарса дейміз. Істің ақ-қарасын айыратын құзырлы орган қызметкерлерінің де ауысқанын қалаймыз. Қазіргі сот та, Қаржылық мониторинг агенттігінің тергеушілері де істі әділ қарап отырған жоқ. Ол сөзімізді де елеп жатқан ешкім жоқ», - дейді олар.

Өзгелердің жаңалығы