Мәулен Әшімбаев: Театр – классикалық өнер, классика қашанда биік тұрады

22 Ақпан 2021, 10:32
1506
Бөлісу:
Мәулен Әшімбаев: Театр – классикалық өнер, классика қашанда биік тұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев елордадағы Музыкалық жас көрермен театрының «Абай-Тоғжан» қойылымын тамашалады.

Былтыр елімізде Абайдың 175 жылдығы кеңінен аталып өтті. Соның аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Дегенмен, ұлы ойшылдың өсиеттерін дәріптеу жолында бір жылмен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Өйткені біздің ұлттық болмысымыз бен дүниетанымымыздың қалыптасуында хакім Абайдың рөлі ерекше. Біз бойымызды да, ойымызды да Абай сөздеріне қарап түзейміз. Сондықтан ақын мұрасын дәріптеу, әсіресе, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру қашанда маңызды, - деп жазды Әшімбаев.
Ол «Абай-Тоғжан» қойылымын абайтану іліміне тың серпін берген туынды деп қабылдаймын деді.

Осы орайда елордамыздағы Музыкалық жас көрермен театрының игілікті ісін ерекше атап өткім келеді. Таяуда аталған өнер ордасында «Абай-Тоғжан» қойылымын тамашалап, керемет рухани кештің куәсі болдым. Бұған дейін көбіне ақынның ұлғайған шағын көріп келсек, бұл жолы біз жас Абайды көрдік. Оның кемеңгер болып қалыптасуының алғашқы кезеңдеріне үңілдік. Ақын лирикасының бастауына назар аудардық. Сол себепті, аталған спектакльді Абайтану іліміне тың серпін берген туынды деп қабылдаймын, - деп жазды Facebook-тегі парақшасында. 

Шын мәнінде, ойшылдың өмір жолы – күреске толы күрделі жол. Оны Абай мен Тоғжанның махаббатынан да аңғару қиын емес. Сондай кезеңдер ақын философиясының қалыптасуына үлкен әсерін тигізгені сөзсіз. Қойылымда соның бәрі ерекше тапқырлықпен суреттелген.
Бұл театрдың ашылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан Абай өмірін сахналау арқылы көрерменге айтары мол өнер ордасы ретінде танылып отыр. Оның репертуарында Мұқағалидың, Шәмшінің шығармашылығына арналған қойылымдар да бар екенін айта кеткен абзал. Осы ретте театрдың актерлер құрамына да тоқтала кеткен жөн. Олардың қатарында Самал Еслямова, Аян Отепберген, Асылхан Төлепов сияқты белгілі дарын иелерімен бірге жас таланттар да бар. Өнерсүйер қауымға ғажайып көңіл-күй сыйлап жүрген театр актерлеріне және осы ұжымның басшысы, кәсіби режиссер, шебер ұйымдастырушы Askhat Mayemirov-ке айрықша алғысымызды білдіреміз. Театр – классикалық өнер. Ал классика қашанда биік тұрады. Сол себепті жас театрдың ғұмыры ұзақ боларына сенеміз және соған тілекшіміз. Алар асуларыңыз көп болсын. Індеттен тезірек құтылып, зал көрерменге лық толатын күн тусын. Қазақ өнері жасай берсін, - деп жазды ол.


Өзгелердің жаңалығы