Қазақстанда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына кандидаттар ұсыну 14 қазанда басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына кандидаттар ұсыну 14 қазанда басталады. Ұсыну кезеңі 27 қазан күні сағат 18:00-де аяқталады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мұхтар Ерман мәлімдеді.
Оның айтуынша, кандидаттарды тіркеу 1 қараша күні сағат 18:00-де аяқталады. Ал сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары 2-27 қараша аралығында жүргізіледі.
28 қараша – тыныштық күні. Бұл күні сайлау алдындағы үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады. Дауыс беру 29 қарашада өтеді. Сайлау қорытындылары 3 желтоқсаннан кешіктірілмей шығарылуға тиіс.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, алдағы сайлауда 228 мәслихаттың 3 447 депутатын сайлау жоспарланған. Оның ішінде 20 облыстық мәслихатқа – 668, 38 қалалық мәслихатқа – 626, ал 170 аудандық мәслихатқа 2 153 депутат сайланады.