Мәселе ушығып кетті. Депутат зейнетақыны шешудің жүйесіздігі неге әкелгенін айтты

23 Маусым 2021, 14:12
4075
Бөлісу:
Мәселе ушығып кетті. Депутат зейнетақыны шешудің жүйесіздігі неге әкелгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров бір реттік зейнетақыны шешуден халық емес, құрылыс иелері мен банктер пайда көргенін айтты.

313 мыңнан астам азаматтың арнайы шотына 1 трлн 400 млрд теңге аударылды. Олардың барлығы өздерінің зейнетақы жинағын кәделеріне жаратты. Бұл жоба тұтас экономикаға әсер етті. Бұдан 2 мегаполистегі құрылыс иелері мен банктер пайда көрді. Бірақ халықтың баспанаға қолжетімділігі артқан жоқ. Мәселе жүйелі түрде шешілмеді. Тұрғын үй мәселесі ушығып кетті, - дейді Айқын Қоңыров.

Ол жалпы экономикалық өсімді ынталандыру бастамасы да нақты нәтиже бермеді деп отыр. 

Керісінше, тұрғын үй мен құрылыс материалдарының бағасы шарықтауы салдарынан салаға жағымсыз әсер етіп, инфляцияның үдеуіне де ықпалы болды. Зейнетақы науқаны басталғаннан бері (2021 жылғы 1 қаңтар) Қазақстандағы пәтер бағасы 8,3%-ға қымбаттады. 2020 жылғы мамырдан 2021 жылғы мамырға дейінгі аралықтағы өсім шамамен 22%-ды құрады, - дейді депутат. 

Оның айтуынша, Монополияға қарсы агенттік бағаны реттеуге тырысуда. Алайда бағаның өсуі мемлекеттің іс-әрекетінен емес, БЖЗҚ-дан алынатын біржолғы зейнетақы жинағы таусылғанда тоқтайды. 

Дүрлікпе сұраныстың әлеуеті отандық өнеркәсіпті дамыту үшін пайдаланылмады. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, отандық өндіріс табиғи шикізат болып саналатын құрылыс материалдары ресурстарында ғана басым болды. Сондықтан зейнетақы жинағымен көбінесе шетелдік жеткізушілер мен отандық делдалдар инвестицияланды. Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалану жобасын жалғастыра отырып, екінші кезеңде қосымша жүйелі шараларды іске қосу маңызды деп санаймыз, - деді мәжілісмен.
Ол зейнетақы жинағын пайдалану жобасы жеке топтарға емес, бүкіл қоғамға арналуы керек деп санайды.

Қазақстан Халық партиясы жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған «Жер үй» бағдарламасын іске қосуды қажет деп отыр. Бұл қазақстандықтардың басым бөлігін сапалы әрі қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге басымдық беруге тиіс. «Жер үй» жеке тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы қажетті құрылыс материалдарының, ілеспе тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісін дамыту жөніндегі шаралармен сүйемелденуі керек, - деді Айқын Қоңыров.

Өзгелердің жаңалығы