Марқакөлдегі ТЖ: Азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді

16 Қаңтар 2024, 12:49
396
Бөлісу:
Марқакөлдегі ТЖ: Азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді

Шығыс өңірінің Марқакөл ауданында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ауыл тұрғындарына азық-түлік пен дәрі-дәрмек тікұшақпен жеткізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Altaynews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарланғанындай, Күршімде бір аптадан бері қар толассыз жауды. Қардың қалыңдығы кейбір елді мекендерде 1,8-2 метрге жуықтаған. Оған қоса Маралды, Төсқайың және тағы бірқатар ауылдың жолы жабылып, көлік қозғалысы сап тыйылды.

Осы жағдайларды ескере отырып Күршім ауданының әкімдігі жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялап отыр.

Облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасының ақпаратына сүйенсек, жолды ашуға облыс орталығынан қосымша техника жөнелтілді. Қазіргі уақытта 24 арнайы техниканы қар күруде. Төтенше жағдайлар департаментінің жоғары өтпелі техникасы да жолға шықты. Қарлы боран мамандарға қол байлау болып жатқанын айтуымыз керек, - делінген ақпаратта.

Маралды және Төсқайын ауылдық округтері мектептерінің оқушылары 8 қаңтардан бастап қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды.

Қолайлы ауа-райы жағдайлары белгіленгеннен кейін, 16 қаңтарда ауылдық округтердің тұрғындарына қажетті азық-түлік пен дәрілік заттарды жеткізу үшін тікұшақ жіберілді.

Жағдай жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.

Өзгелердің жаңалығы