Мақсатым, жақсы білім алып, өз елімде цифрлы Қазақстанды дамыту – түркістандық түлек

1 Маусым 2022, 16:15
3369
Бөлісу:
Мақсатым, жақсы білім алып, өз елімде цифрлы Қазақстанды дамыту – түркістандық түлек

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістанда білімді, алғыр оқушылар өте көп. Соның бірі – Келес ауданы, Ошақты ауылының тұрғыны Сая Даниярқызы. Ол Польшаның екі бірдей Краковский және Познаньский политехникалық университетінен шақырту алып отыр. 

№54 Т.Рысқұлов атындағы жалпы орта мектептің түлегі 7 сыныптан бастап ағылшын тілін меңгеруге ұмтылған.

Ізденімпаздығының арқасында көптеген халықаралық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Оның алдын аудандық және IQanat республикалық олимпиадасына қатысып жеңіс тұғырынан көрінді. Жас түлек қазіргі таңда IT саласы, ақпараттық технологиялар мамандығын таңдап қойыпты.   

Халықаралық жарыстарға 10 сыныптан қатыса бастадым. Менторым елордадағы Жалын Бахытбек деген ағайым. Мақсатым, жақсы білім алып, өз елімде цифрлы Қазақстанды дамыту, ата-анамның үмітін ақтау. Жақсы оқуды кейбіреулер табиғи дарын немесе тұла бойың тұнған талант болу керек деседі, бірақ мен оған мүлдем келіспеймін. Себебі оқудың 99%-ы өз бетіңше еңбектенгенде ғана келеді. Жақсы оқу үшін уақытыңды дұрыс пайдалансаң жеткілікті, жоспармен яғни тайм менеджментті сауатты қолдана білу, - дейді ол. 

Түлектің айтуынша, оқимын деп талпынып ізденген адамға қандай жағдай болмасын барлық мүмкіншіліктер бар. Тек қана тыңғылықты дайындалу керек деп есептейді. 

Түсініксіз пән жоқ деп ойлаймын, тек қана ізденіп, көбірек оқысаң, барлық пән оңай, кез келгенін жақсы көріп оқимын. Жеке өзім үшін ең басында математика қиынырақ болды, ал кейіннен ең сүйікті пәніме айналды, - дейді Сая Даниярқызы. 

Жуырда Сая Жапония мен Қазақстанның әр аймағынан іріктеп алынған халықаралық жобаға қатысып, сәтті аяқтады. Ағылшын тілінде өткен жобаның мақсаты, екі елдің қарым-қатынасын жақсарту. 

Онлайн өткен жобаға жапондық 20 оқушы, елімізден 20 оқушы қатыстық. Жоба барысында түрлі деңгейдегі ауқымды компаниялар сұрақтар береді. Бізге берілген тапсырма,  жапондықтармен топ болып сол өзекті ғаламдық сұрақтардың шешімін табу. Жеке өз басыма аталған жоба жапондық оқушылармен тәжірибе алмасуда үлкен мектеп болды, - деді ол. 

Айта кетейік, түркістандық дарынды қыз Сая Польшадан бөлек басқа елдерге де өтініш қалдырған. Қазіргі кезде, басқа елдерден де жауап күтіп отырғанын айтты.  

Қай оқу орнын таңдайтынымды әзірге нақты шешкен жоқпын, барлығы шыққан соң, ойланып барып жасаймын. Өзім интернеттен европалық университеттердің дедлайндарын қарап, қандай құжаттар керек  екендігін, қандай сайтта өтініш қалдыру керек екенін іздеген болатынмын. Сосын қажетті құжаттарымды жинастырдым. Қай оқу орнын таңдасам да сапалы білім алып, елге оралған соң Отанымды өркендетуге қызмет етемін, - дейді жас түлек. 

Еске сала кетсек, Түркістан облысы бойынша мектептегі балалар саны – 508637, мектепке дейінгі балалар саны – 152924 құрайды. 

Өзгелердің жаңалығы