Маңғыстаулық фермерлерге 5 000 тонна бидай кебегі арзандатылған бағамен жеткізіледі – АШМ

14 Мамыр 2022, 12:06
2386
Бөлісу:
Маңғыстаулық фермерлерге 5 000 тонна бидай кебегі арзандатылған бағамен жеткізіледі – АШМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысының мал шаруашылығы кәсіпорындарына Азық-түлік корпорациясы арқылы ағымдағы жылдың мамыр-маусым кезеңінде арзандатылған бағамен 5 000 тоннаға дейін бидай кебегі жеткізілетін болады. 

Бұл туралы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңес барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндады.

Бұған дейін Үкімет Жол картасын жүзеге асыру аясында жем-шөп қорын қалыптастыруға қаражат бөлетінін  хабарланған болатын. Ербол Қарашөкеев өз сөзінде нақтылағандай, ағымдағы жылы астық қорын қалыптастыру үшін 200 мың тонна көлемінде форвардтық сатып алуға 20 млрд.теңге бөлінеді. 2021 жылғы құрғақшылық қайталанған жағдайда ол мал мен құстың сақталуын қамтамасыз етеді.                                             

Сондай-ақ, бүгінгі кеңесте тағы бір маңызды мәселе белгілі болды.  

Биылғы жылдың мамыр-маусым айларында Азық-түлік корпорациясы арқылы арзандатылған бағамен 5 000 тоннаға дейін бидай кебегі жеткізіледі, - деп толықтырды сөзін Ербол Қарашөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп ауыл шаруашылығы малдарын азықпен қамтамасыз ету мәселесін жүйелі шешу үшін құрған жемшөп өндірісін дамыту жөніндегі Жол картасын 2022-2025 жылдар кезеңіне жүзеге асыру көзделген.

Маңғыстаулық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүддесі үшін азықты арзандату бойынша жан-жақты шаралар қабылданды. Тек Маңғыстау облысының әкімдігі 2022 жылға асыл тұқымды мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 579,7 млн.теңге бөлді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы жануарларының аналық мал басы азығының құнын арзандатуға 384 млн теңге қарастырылып отыр. 

Сондай-ақ мұнай компанияларының қолдауымен жем жөп бағасы 1 қап кебек үшін 1900-2100 теңгеден 3 200 тонна көлемінде 1500 теңгеге дейін төмендетілді.

Азық-түлік корпорациясының резервінен босатылған азықтарды сату бағасы тоннасына 50 мың теңгені құрады, бұрын осы желі бойынша 220 тонна кебек сатылды. Тасымалдау шығындарын және өзге де шығыстарды ескере отырып, Маңғыстауда баға тоннасына 65-70 мың теңгені құрайды. 

Қолдау әр өңірден жіберіліп жатыр: Солтүстік Қазақстан облысынан 300 тонна кебек, Ақмола облысынан 136 тонна, Қостанай облысынан 100 тонна және Қарағанды облысынан 200 тонна.

Өзгелердің жаңалығы