Маңғыстауда жемқорлық екі есе өскен

6 Қазан 2022, 09:15
1373
Бөлісу:
Маңғыстауда жемқорлық екі есе өскен

Маңғыстауда сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны екі есеге артқан, деп хабарлайды Маңғыстау облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Ақтауға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысына қатысты. 

Осы отырыста агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев өңірдегі жемқорлық көріністеріне тоқталды. Оның айтуынша өңірде биыл сыбайлас жемқорлық қылмыс саны екі есеге өскен. Оның ішінде парақорлықтың үлесі жылдан–жылға артып барады. 

Департамент 3 сыртқы талдау жұмысын жүргізіп, бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелін анықтады. Қылмыстың алдын алу мақсатында әкімшілік құқық бұзушылықтар тәжірибесі негізінде 21 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 25 млн теңге көлемінде айыппұл салды, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев. 

Сонымен қатар агенттік өкілі Саян Ахметжанов халықтың проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасының өзектілігіне тоқталды.

Агенттік халықты толғандыратын, шешілмей келе жатқан проблемалық мәселелерді қамтитын Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Маңғыстау облысы бойынша бұл картаға медицина, жол және инфрақұрылым, жер, олигополия, экология салалары сыбайлас жемқорлық тәуекелдері енгізілді, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов. 

Құқықбұзушылықтардың алдын- алып, жемқорлыққа жеткізбей, кез келген заңсыз әрекетті тоқтату керек деп тапсырды облыс әкімі жергілікті атқарушы орган басшыларына.

Жемқорлық жойылуы керек. Бюджет  қаражатына салынып жатқан нысандар сапалы әрі белгіленген уақытта тапсырылуы тиіс. Халықтың ауыз сумен және сапалы жолмен қамтамасыз етілуі маңызды. Ал осыны жүзеге асыратын әрбір мемлекеттік орган елмен ұдайы тығыз қарым - қатынас жасауы тиіс, - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Кеңес қорытындысында Нұрлан Ноғаев айтылған ұсыныстарды ескеруді, сондай-ақ тұрғындардың әлеуметтік маңызды проблемаларын уақытылы шешуді тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы