Маңғыстау облысында Каспий теңізі жағалауынан табылған өлі итбалықтар саны өсуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Өңірлік балық инспекциясы басқармасының мәліметінше, 17 сәуірдегі мониторинг барысында Баутин кенті мен Форт-Шевченко маңынан 191 итбалықтың ұшасы анықталған.
Алдын ала болжам бойынша, соңғы күндері соққан солтүстік-батыс желдің әсерінен жануарлардың денелері жағаға шығып қалған.
Қазіргі уақытта өлім себептерін анықтау үшін тиісті қызметтер тексеру жүргізіп жатыр. Экология департаментінің мамандары су мен топырақтан сынамалар алды. Ал гидробиология және экология институтының қызметкерлері жануарлардың тістері, тырнақтары мен ішкі мүшелерін зерттеуге кіріскен.
Жағалау мониторингі жалғасуда, нақты қорытынды зертханалық сараптамадан кейін белгілі болады.
Айта кетейік, 2026 жылдың басынан бері өңірде итбалықтардың 191 өлімі тіркелген. Салыстырмалы түрде, 2025 жылы 2200-ден астам жағдай анықталған.