Маңғыстау ауданында тәуелсіздік алған 30 жылда 30 балабақша ашылған

15 Сәуір 2021, 04:36
1372
Бөлісу:
Маңғыстау ауданында тәуелсіздік алған 30 жылда 30 балабақша ашылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бүгінде 30 балабақшада 2244 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Ауданда бөбекжаймен қамту мәселесі алдыңғы қатарда. Соған сәйкес 3-6 жас аралығындағы балғындардың балабақшаға баруы 100% қамтылған. Оқу кабинеті, асхана, жатын бөлмесі мен ойын алаңдары заманауи талаптарға сай техникалық базамен толық жабдықталған.
Әрине, 30 жылда 30 балабақшаның ашылғандығы бұл үлкен қуаныш. Қазіргі уақытта ауданда 20 мемлекеттік, 10 жекеменшік мектепке дейінгі білім мекемесі жұмыс істейді. Яғни бізде балабақшамен қамту мәселесі жолға қойылған. Әр бөбекке сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында еңбек етіп жатқан педагогтарымыз жыл сайын білімін жетілдіретін курстардан өтеді. Енді әлемді әбігерге салған коронавирус індетіне байланысты біраз уақыт балабақшалар карантинге жабылған болатын. Ақпан айынан бастап жұмысты бастап кеттік, – деді Маңғыстау аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Қалиева.

Аудандағы 30 балабақшада тәжірибесін шыңдап, білімді жетілдіру курстарынан өткен 284 педагог қызмет етеді. Оның ішінде 28 жоғары санатты, 43 бірінші санатты мамандар. Балабақшада ерекше технологиялар енгізілген. Мәселен, Жыңғылды ауылындағы бөбекжайда «Тәй-тәй» атты технология іске қосылған. Ерекшелігі бүлдіршіндер жаңа технология арқылы кез келген дүниені терең зерттеуге мүмкіндік алады.

Мамандардың айтуынша, бүгінде 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту жолға қойылған. Ендігі мақсат: 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді бөбекжайлармен толықтай қамту жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы