Сәуір айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 доллар үшін 463,09 теңгеге дейін, яғни 3,1%-ға нығайды, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық банк баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 372 млн доллардан 394 млн долларға дейін артты. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 8,7 млрд долларға жетті.
Сәуірде республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қордан 300 млн доллар валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 3,5%-ын немесе күніне орта есеппен 13,6 млн долларға тең.
Күтілетін фискал түсімдерді ескере отырып және Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері негізінде Ұлттық Банк мамыр айында республикалық бюджетке трансферт бөлу үшін Ұлттық қордан 400 млн доллардан 500 млн долларға дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп болжайды.
Сәуірде «айналау» операциялары аясында шамамен 354 млрд теңге алынды. Мамыр айы бойы осы мақсатта 354 млрд теңге баламасында валюта сатылады деп күтілуде.
Ұлттық қор қаражатымен операциялар жүргізу, сондай-ақ «айналау» тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанады.
Сәуір айында Ұлттық Банк валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Өткен айдың қорытындысы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті сату нормасы аясында валюта түсімін сату көлемі шамамен 273 млн доллар болды.
Зейнетақы жарналарының түсімі мен теңге бағамының нығаюына байланысты БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 40%-дан төмен болды. Осыған орай Ұлттық Банк сәуірде биржадағы сауда-саттық арқылы 502 млн долларға шетел валютасын сатып алды. Бұл – жалпы сауда-саттық көлемінің шамамен 5,8%-ы. Алдағы шешімдер де зейнетақы активтерін инвестициялық басқару аясында нарықтық жағдайды ескере отырып қабылданады.
Ашықтық қағидатын ұстана отырып, Ұлттық Банк валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы ақпаратты тұрақты түрде жариялап тұрады. Қысқамерзімді келешекте теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуал мен геосаяси жағдайға байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуына жол бермейтін және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді айырбас бағамы режимін ұстануды жалғастырады.
Біз бұған дейін "артық ақшаны алтын, доллар немесе теңгемен жинаған дұрыс па?" деген сұраққа жауап берген едік.