Францияның 20-дан астам қаласында бақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіштер тіркеліп үлгерді.
Испанияның кейбір аймақтарында күн ыстығы 40°C-қа жуықтады. Ұлыбританияда да 100 жылдан астам уақыт бойы сақталып келген температуралық рекордтар жаңарды.
Британдық «Met Office» метеоқызметі дүйсенбі күні Лондонның Хитроу әуежайында ауа температурасы 33,5°C-қа жеткенін хабарлады. Бұл елдегі мамыр айында орнаған жаңа абсолюттік рекорд.
Ұлыбританияда мамыр айындағы бұрынғы рекорд 32,8°C-ты құраған болатын, ол 1922 жылы Лондонның Кэмден ауданында тіркелген. Мұндай жоғары көрсеткіштер мамыр айында бұған дейін 1944 жылы Англияның оңтүстік-шығысындағы кейбір қалалар мен Лондонда да байқалған еді.
Синоптиктер сейсенбі күні Ұлыбританияда ауа температурасы 35°C-қа дейін көтерілуі мүмкін екенін ескертеді.
Бұдан бөлек, өткен түнде Лондонда мамыр айы үшін өте жоғары түнгі температура - 19,4°C тіркелді, бұл да жаңа рекордқа айналуы мүмкін.
Болжамдарға сәйкес, таяу күндері Ұлыбритания, Франция және Испанияда мамыр айындағы ондаған, тіпті жүздеген жаңа температуралық рекордтар орнауы ықтимал.
Қазіргі уақытта көптеген аймақта ауа температурасы әдеттегі климаттық нормадан 12–15 градусқа жоғары болып тұр.
Францияның «Météo-France» метеоқызметі бұл құбылысты «ерте басталған, ерекше әрі ұзаққа созылатын» аптап ыстық толқыны деп атады. Болжам бойынша, бұл ауа райы тағы бірнеше күнге созылады.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер мамыр айындағы ауа райын болжады.
Сондай-ақ, Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда жаз ыстық болатынын айтты.