Мамырда Қазақстанда ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болмақ. Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев алдағы айларға арналған ауа райы болжамын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министрдің айтуынша, мамыр айында Қазақстанда ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтіліп отыр.
Ауа райы болжамына сәйкес, мамырайында ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Жауын-шашын бойынша жағдай жалпы тұрақты: елдің басым бөлігінде мөлшері норма шамасында, – дейді Ерлан Нысанбаев.
Сонымен қатар жауын-шашынның нормадан аз болуы бірқатар өңірде болжанып отыр.
Жауын-шашынның нормадан аз болуы еліміздің орталық және оңтүстік-батыс өңірлерінде болжануда. Бұл Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстарының басым бөлігі, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола өңірлерінің оңтүстік аудандары, сондай-ақ Ұлытау және Қызылорда облыстары, – дейді Нысанбаев.
Экология министрінің сөзінше, мамыр айындағы ауа райы егін егу жұмыстарын жүргізуге қолайлы болады.
Министр маусым айына арналған болжамға да тоқталды.
Маусым айында ел аумағының басым бөлігінде температура нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Бұл ретте республиканың шығысы мен оңтүстік-шығысында, атап айтқанда Шығыс Қазақстан және Алматы өңірлерінде, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Павлодар, Қарағанды облыстарының шығыс жартысында және Жамбыл облысының оңтүстік-шығысында температура норма шегінде болжанады, – деді Экология министрі.
Ведомство басшысы елдің астықты өңірлерінде жауын-шашын көлемі негізінен норма шамасында болатынын айтты.
Жауын-шашын тапшылығы орталықта және оңтүстік-батыста болуы мүмкін. Бұл – Ұлытау, Ақтөбе облыстары, Қостанай облысының оңтүстігі, Түркістан облысының солтүстігі және Батыс Қазақстан өңірінің оңтүстік-шығысы, – дейді министр.
Ал шілде айында Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы қалыпты деңгейде болады деп күтілуде.
Шілде айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасы норма шегінде күтіледі. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында және Ақтөбе өңірінің басым бөлігінде температураның 1-2 градусқа артуы мүмкін, – дейді ведомство басшысы.
Нысанбаевтың болжауынша, шығыс өңірлерде жауын-шашын мөлшері нормадан көп болуы ықтимал. Ал солтүстік және орталық өңірлерде жауын-шашын негізінен қалыпты деңгейде сақталады. Бұл ретте елдің батысында жауын-шашын көлемі нормадан аз болуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін синоптиктер мамыр айындағы ауа райын болжады.