МӘМС: Мұқаев министрге медициналық пакеттерге қатысты сұрақ қойды

18 Наурыз 2024, 12:55
508
Бөлісу:
МӘМС: Мұқаев министрге медициналық пакеттерге қатысты сұрақ қойды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Дәулет Мұқаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық қызмет түрлері мәселесіне қатысты сұрақ қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент МӘМС жүйесіне 5 жыл болса да, медицинаның сапасы жақсармай жатқаны және қолжетімділігі артпай отырғанын айтты. Проблемалардың бірі – қаржыландырудың екі пакетінің болуы. Яғни тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері. Оны бірыңғай қаржыландырудың жасанды бөлінуін атауға болады. Өйткені медициналық қызметтердің кейбір түрлері екі пакетте де кездеседі, - дейді депутат.

Мұқаевтың айтуынша, Президент мемлекет кепілдік берген базалық бөліктен және жұмыс берушілер мен азаматтардың аударымдары есебінен қалыптастырылатын сақтандыру бөлігінен тұратын бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыруды тапсырған еді.

Енді медициналық пакеттерінің өзі шатасып жатқан кезде ақпараттық жүйелердің дайындығы жоқ жағдайында пакеттерді бөлудің жаңа тәсілдерді халыққа медициналық көмекті көрсеткенде тағы да кедергі болып қалмай ма? Екінші сұрағым: қазіргі уақытта балалардың арасында аутизм, ЗПР, ЗРР деген диагноздар өте жиі қойылып жүр. Осыған байланысты мамандардың тапшылығы да байқалады. Мықты мамандар қымбат ақы алады. Балаларын емдеуге ақша таппай жатқан отбасылар бар. Осы мәселе қалай шешіліп жатыр? Мамандар тапшылығы қалай шешіліп жатыр? – деп сұрады депутат.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пакеттерді қосу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Сөзінше, бүгінде 3-4 нұсқасы дайын. Дайын болған кезде министрлік депутаттарға оны түсіндіреді.

Ол екінші сұраққа да жауап берді.

Бұл мәселенің себептеріне қарауымыз керек сияқты. Бірден-бір себептері – негізі әйелдерімізді жүктілікке сапалы дайындау мәселесі, қыздарымыз бен әйелдердің денсаулығы. Әлемде аутизмнің толық себептері әлі анықталған жоқ. Таза медициналық ем де жоқ. Емдеу коррекуиялық орталықтарда жүргізіледі. Соңғы 5 жылдың ішінде өсім болғандықтан, мамандардың тапшылығы бар. Бұл жұмыспен айналысып жатырмыз, - деп түсіндірді министр.

Өзгелердің жаңалығы