Мәмбетәлиев қоғамда неге депутаттарға деген жағымсыз пікір қалыптасқанын түсіндірді

21 Ақпан 2023, 12:36
1566
Бөлісу:
Мәмбетәлиев қоғамда неге депутаттарға деген жағымсыз пікір қалыптасқанын түсіндірді
Фото: ашық дереккөз

Елімізде басталған саяси реформаның нәтижесін қашан көреміз? Ескі саяси жүйені бір мезетте құлату мүмкін бе? Партия құру ісімен кімдер айналысуы керек? «Мықты көшбасшы&партия» – билікке таласқандар қай жолды таңдауы қажет? Осы және өзге де сұрақтарға саясаткер Аман Мәмбетәлиев BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында жауап берді. 

Сонымен қатар саясаткер Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауында жаңадан құрылған партиялардан үміттің қаншалықты екеніне тоқталды. Бір мандатты округтен шығатын қоғам белсенділері туралы да айтты. Халық қалаулыларының алдында қандай міндеттер тұрғанын, азаматтар депутаттарға сене ме, жоқ па деген мәселені де тілге тиек етті.  

- Өткен жылы бастау алған саяси реформаны қалай бағалайсыз?

- Еліміздегі реформалық процесс өткен жылдан, яғни тек Қаңтар оқиғасынан кейін басталған жоқ. Президент оның алдында да реформа жайлы айтқан болатын. Бірақ оны іске асыру жылдамдығы шынымен Қаңтар оқиғасынан соң өзгерді. Қаңтар оқиғасы өзгерістерге катализатор болды. 

Реформаны үшке – саяси реформа, экономикалық және қоғамға арналған реформа деп бөліп қарастыруға болады.

Саяси реформа әлі де жүріп жатыр, тоқтаған жоқ. Бірақ оны іске асырудың жылдамдығы көбіне ұнамайды: «ол неге ұзақ, неліктен бір күнде шешілмейді» деп айтып жатыр. Бірақ ашығын айту керекпіз, реформаны еш шығынсыз, тиімді етіп жүзеге асыруымыз керек. Демократизация нақты белгіленген уақытта жүзеге аспайды. Посткеңестік кезең – 30 жыл Назарбаев заманында мықты аяққа тұрған жүйе орнады. Оны бір күнде сындыру мүмкін емес, сындыру қажет те емес. Оның ішіндегі рөлдерді және биліктің қызметін бір күннің ішінде ауыстыру мүмкін емес. Бұл – өз ойым. Сондықтан ол ұзақ жүретін процесс болады. Бірақ таңдалған жол және вектор өте дұрыс. Менің ойымша, болашақта реформалар жалғасады. Оның бірінші мақсаты – алдағы уақытта авторитаризмге жол бермеу. Ол үшін биліктің концентрациясы бір-екі кісіден алынып, шашылуы керек. Аймақтарда да билік әкімнен алынып, мәслихат депутаттарына да берілгені дұрыс. Мәслихаттың өзі де мажоритарлық жүйе арқылы жасақталып, әкім өзі таңдай алмайтын депутаттар, оған сөз қайтара алатын, халық таңдаған депутаттар болуы керек. Алматы, Шымкент, Астана, Маңғыстауда, Қызылордада және тағы бірнеше аймақта, қазірден бастап байқасам, сайлау қызық болатын сияқты. Онда мықты азаматтар өзін-өзі депутат ретінде ұсынды. Соны ұсынуының өзі де бізге көп мүмкіндік береді. Мен оларға сенемін, олар үндемей отыратын кісілер емес, әкімдерге өз ойларын нақты жеткізе алады. Өзінің ойын электоратқа да жеткізе алатын азаматтар келеді деген сенімдемін. 

- Былтыр Президенттің сайлауы қалай өтті?

- Былтыр үлкен электоралдық кезең бастау алды. Оның ішінде референдум болды, Президенттің сайлауы өтті. Енді алда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы келе жатыр. Бұлардың барлығы бір саяси процестің құрамына кіреді. Оларды бөлек-бөлек қарастырмау керек. Президент сайлауының мақсаты – халықтың қазіргі билікті таңдауға сенімділік отын беру болды. «Қазіргі биліктің әрекеті көңілімнен шығады, сол үшін дауыс беремін. Бізде өзара келісімшарт болады. Мына кісіні таңдаймын, бірақ ол ашық жұмыс істеуі керек» деген сияқты көзқарас болды. Әлеуметтік желілерден өзімнің байқағаным: процесс өзгерді. Бірақ дәл мен ойлағандай болған жоқ: әлі де ашықтық керек, қателіктер болды. Оны тіркеді. Бірақ сырттан қарасақ, халық әсіресе Қаңтар оқиғасынан соң басталған реформалардың бастамашысы өз жұмысын жалғастыру үшін Президентімізге сенім артты. Халықтың бір ғана үміті – осы бастаған реформаларды аяғына дейін жеткізу. Кейін референдум өтті. Ол да Президент сайлауының жалғасы сияқты болды. Ондағы мақсат – Президенттің билігін азайту, қазіргі «деелбасизацияны» жүзеге асыру болды. Заңдарға өзгерістер енгізу, жаңадан құрылған конституциялық соттың қызметін анықтау, иммунитеттерді алу сияқты демократияға арналған процестерді жалғастыру болды. Ол да референдумнан өтті, халық дауыс берді. Қазір Мәжіліс пен мәслихаттардың депутаттарын сайлаймыз. 

- Осы өзгерістер еліміздің алдағы дамуына қалай әсер етуі мүмкін?

- Қаңтар оқиғасынан барлығы сабақ алды деп ойлаймын. Сабақ алмаған адам қалған жоқ шығар. Билік те осы стрестік кезеңде емтиханнан өткен сияқты болды. Сондықтан нақты шешім қабылдап, реформаны бастады. Реформадағы мессендждер бәріне арналды: бұрынғы билікке де – оларды жауапкершілікке тарту бойынша, қазіргі билікке де бағытталды. Халыққа да жолданды. Халықтың да реформа және мемлекет құру процесіне араласқаны дұрыс. Жалпы реформалық өзгерістер біржақты болмауы керек, екі жақтан жүруі керек. Мәселен, мемлекет тарапынан партия құруға мүмкіндіктер берілуі керек. Ал белсенділер өздері бас болып, партия құруы тиіс. Егер партия құру ісін мемлекет өз қолына алса, оның аяғы не болатынын – авторитаризмге әкелетінін осыған дейін көрдік. Биліктің концентрациясы бір адамның қолында болады. Ал қазір белсенді азаматтардың алдында үлкен сынақ туындап отыр. Олар өз амбицияларынан аттап өте алуы керек. Өйткені 30 жылдық бұрынғы жүйенің ережелерімен өмір сүрген оларға өзгеру оңай болмайды. Оларда биліктегі бір адамға қарама-қарсы лидер болуы керек деген ескі көзқарас болды. Ал қазір партияға негізделген демократиялық жүйе құрылып келеді. Егер бұл кісілер трансформациядан өте алмаса, соңында биліктен құр қалады. Өйткені қоғам жаңа ойын ережелерін қабылдады. Олар өз үмітін саяси партия арқылы жүзеге асырғысы келеді. Неше жерден мықты, белсенді, адал 1-2 азамат болса да, олар үлкен жүйеге қарсы шыға алмайды, күресе алмайды. Олар электорат түгілі, өз құқықтарын қорғай алмайды. Ол үшін партия керек. Ол бір емес, көп азаматтың бірлестігі болады. Міне бір жыл өтті. Бір жылда қоғамның белсенді азаматтары бас қосты. Біраз кездесулер болды. Бірақ өкінішке қарай, кездесулердің аяғында олар партия ұсынған жоқ. Бұл қателік болды. Олар өз амбициясынан әрі аса алмады немесе бір-бірімен тіл табыспады. Бірақ оған уақыт керек екені түсінікті, бір күнде жүзеге асыру мүмкін емес: ол табиғи процесс. Мен біраз белсенді азаматтарға сенемін. Олар қазір мажоритарлық жүйе бойынша бір мандаттық округтерден шығып жатыр. Өзін Мәжіліске ұсынып жатқандар бірқатар өзгерістер әкелуі мүмкін. Қазір қоғамның алдындағы мақсат – отырып күту емес. Себебі, 30 жылда мемлекет билікті өзіне алып алды, халықты саясатқа араластырмады. Алайда бұл мемлекеттің ғана жұмысы емес. Халық та оған партия арқылы араласуы керек. Заңды түрде немесе бір округтер арқылы өздері таңдаған Мәжіліс, мәслихат депутаттар арқылы жүргізуі керек. Солайша байланыс мықты болуы керек.

- Бізде сайлаудың қорытындысы бойынша көппартиялы Парламент болуы мүмкін бе?

- Саяси реформасының аяғы – көппартиялы жүйе болмақ. Партия – бұл бір адам емес, партияның нағыз мақсаты – өзінің электоратының құқығын қорғау, ой-пікірін жүзеге асыру. Олар әр түрлі бағытта болуы мүмкін. Экологиялық мәселелердің «жасыл партиясы», социалистік, кәсіпкерлердің партиясы болуы керек. Олар қоғамның бір үлкен электоратын көрсететін ұйым болуы керек. Олар 2-3 млн адамның құқығын қорғай алуы керек. Оны тек партия ғана жүзеге асыра алады. Ал ол партиялардың құрамында мықты азаматтар бас қосып, өз амбицияларын ысырып қойып, мықты ұйымдар құра алуы керек. Қазір әзірше ондай партия бар деп айта алмаймын. Қазіргі Мәжілістегі партияларды бір коалицияның, яғни биліктің партиясы деп айта аламыз. Жаңадан құрылған партиялар да әлі үмітті ақтай алмайды. Өйткені оларды халық танымайды. Халық танымайынша, олар халықтың сөзін сөйлей алмайды. Кейбірінде партиялық желі жоқ. Бұған дейін қоғам өз белсенділігін танытып, партия құра алмағандықтан, мемлекет бұл функцияны өз қолына алып, өзі партия құрумен айналысты. Бірақ ол дұрыс емес. Өйткені 100 партия болсын, бірақ бір мемлекеттік тетіктен басқарылса, ол демократияның жолы емес. Ал мен тәуелсіз, мықты, популизмге кетіп қалмайтын, сыртқы күшке сенбейтін, елді кризиске емес, даму жолын бастайтын партиялар болса, осыны көппартиялы жүйе дер едім. Бірақ әзірше оны көріп отырған жоқпыз. Бұл – менің пікірім. Бірақ реформаның соңында әлі де көретін боламыз. Өйткені процесс жүріп жатыр. Келесі жылдың аяғында бізде нақты протопартиялар, күштер құрылып, Мәжілістің бірмандатты депутаттары да тәжірибе жинап, ойын қызады деген ойдамыз. 30 жылда мүлде мұндай процесс болмағандықтан, ол жаңашылдықты  түсінуге де уақыт керек. Бірақ біз көппартиялы жүйені көреміз деген үмітім бар. Оған мүмкіндік бар, енді бұл қоғамға байланысты. 

- Жаңа Парламенттің алдында қандай міндеттер тұр?

- Жеке пікірім – соңғы жылдары депутатқа деген жағымсыз пікір қалыптасты. Өңірлерді аралағанда азаматтар тарапынан: «Олар (депутаттар) қандай жұмыс істейді?» және «Олар не үшін керек?» деген екі сұрақ туындайды. Өйткені, қоғам олардың жұмысын білмейді, халық үшін депутаттық құпия, жабық дүние сияқты. Екіншіден, оларға сенім жоқ. Жаңа VIII шақырылымның міндеті қоғамның алдындағы сенімді қайтару болуы қажет. Ол үшін қоғаммен байланыс жасау керек, аймақтармен коммуникация жүргізу керек. Түсіндіріп, азаматтарға ұнайтын, ұнамайтын сәттерді жеткізу керек. Себебі жағдай әр түрлі болуы мүмкін. Кей заңдар, шешімдер халыққа ұнамауы мүмкін. Олар депутатты адвокатындай көріп, ол мені ғана қорғауы керек деп ойлайды. Ол да дұрыс емес. Депутат кейде халық түсінбейтін мәселелерді түсіндіруі керек. «Мынаны салсақ, ол бізге ұнамаса да, біз оны істеуіміз керек» деген сияқты. Екіншіден, депутаттардың жұмысын ашық көрсету керек. Оған декларациялау шарасы көмектесуі мүмкін. Ертең мониторинг те қосылады. Кейін депутаттар журналистерден қашпай, керісінше өздері жеке ойларын, ұсыныстарын білдіруі керек. Мәжіліс, Сенат, мәслихаттарда депутаттар және олардың командасы коммуникациялық көпір орнатып, билікпен, қоғаммен байланыс жасауы керек. Ашық, екі жақты байланыс жүргізілуі қажет. Негізгі заң шығару қызметімен қоса міндеттерді орындағандары жөн. 

- Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы