Мальта шетелдік туристерге демалыс үшін 200 еуро төлейді

11 Сәуір 2021, 19:06
1392
Бөлісу:
Мальта шетелдік туристерге демалыс үшін 200 еуро төлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мальта билігі осы жазда елде демалуды жоспарлаған шетелдік туристерге ақы төлеуге шешім қабылдады, деп хабарлады Reuters.

Елдің туризм министрі Клейтон Бартоло коронавирусқа байланысты шектеулердің көпшілігі 1 маусымға дейін алынып тасталатынын, содан кейін туристер елге келе алатындығын мәлімдеді.

Демалушыларды көбірек тарту үшін ел билігі ақы төлеуге дайын. 

Министр Клейтон Бартолоның айтуынша, бес жұлдызды қонақ үйде тұруды брондаған туристер 200 еуро алады, төрт жұлдызды қонақ үйді таңдағандар 150 еуро алады, үш жұлдызды қонақ үй үшін 100 еуро төлейді. Жалғыз шарт – қонақ үйде тұру мерзімі кемінде үш күн болуы керек.

Сонымен қатар Мальтадағы ең кішкентай Гозо аралында демалуға жиналған туристер үшін төлем мөлшері 10%-ға артады.

Мальтадағы туризм индустриясы ел экономикасының 27%-дан астамын құрайды, бірақ бұл секторға Covid-19 пандемиясы қатты әсер етті. 2019 жылы елге 2,7 миллионнан астам шетелдік турист келсе, ал 2020 жылы пандемия кезінде туристер саны 80%-ға азайған.

Мальта Covid-19 вакцинациясы ең жақсы жүріп жатқан елдердің бірі, онда ересектердің 42%-ы вакцинация алды. Елде коронавирустың жаңа жағдайларының саны күрт азайды.

Өзгелердің жаңалығы