Макронның Қазақстанға сапары. Шетелдік сарапшылар не дейді?

1 Қараша 2023, 11:08
742
Бөлісу:
Макронның Қазақстанға сапары. Шетелдік сарапшылар не дейді?
Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Шетелдік сарапшылар Қазақстан Республикасына Франция Президентінің келуіне орай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алғашқылардың бірі болып Нью-Джерси қаласындағы Ратгерс Халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры Майкл Росси Twitter-дегі парақшасында жазба қалдырып, Қазақстанның геосаяси балансты қамтамасыз етудегі рөлі туралы айтты.

1 қарашада Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға сапары Орталық Азияның Еуропа үшін маңыздылығының артып келе жатқанын айшықтайды. Өңірдің энергетикалық қауіпсіздікті, сирек кездесетін жер ресурстарын жеткізуді және геосаяси тепе-теңдікті қамтамасыз ету әлеуеті бар, - деп жазды ол.

Сонымен қатар Майкл Росси Қазақстанның Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдаудан бас тартуы жөнінде айтып өтті.

Ұлы державалар Орталық Азияда ықпал ету үшін бәсекелесіп жатқанда Францияның араласуы теңгерімді геосаяси ландшафтты қамтамасыз етуі мүмкін. Қазақстанның Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдаудан бас тартуы және батыс санкцияларын сақтауы бұл әлеуетті көрсетеді, - деді ол.

Ал Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша маманданған саяси аналитик Люк Родехеффер те Twitter-дегі парақшасында Қазақстандағы атом электр стансасының салуы жөнінде айтты.

1 қарашада Эмманюэль Макронның Қазақстанға сапары алдында Қазақстанның атом электр стансасын салу мәселесін қарастыруы ядролық держава саналатын Францияға ынтымақтастық үшін тамаша мүмкіндік беретінін айта кету керек, - деді ол.

Родехеффердің сөзінше, Қазақстанның игерілмеген көмірсутегі қорлары мен жаңартылатын энергия әлеуеті Еуропаның энергетикалық мәселелерінің шешімі болуы мүмкін. 

Мен аталған мәселе Президент Макронның Орталық Азияға алдағы сапары барысындағы негізгі талқылау тақырыбына айналады деп болжап отырмын, - деді аналитик.

Еске салсақ, екі ел көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша келіссөздер жүргізіп, халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.

Мұнымен елге келетін маңызды қонақтар саны арта түспек. Мәселен 2 қарашада Астана қаласына Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапар жасайды. Сапар барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстанның сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығын одан әрі кеңейтуге қатысты келісөз жүргізеді деп жоспарланып отыр. 

3 қарашада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммиті өтеді Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-ға бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан көшбасшылары қатысады.

Өзгелердің жаңалығы