Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды - Камалия Байтілеуова

18 Қараша 2023, 15:38
9934
Бөлісу:
Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды - Камалия Байтілеуова
PHOTO
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Өйткені ізденесің, үйренесің, бақылайсың, өзіңе де қызықты. Бұл туралы актерлік мамандықтың ыстығы мен суығына тоңып, қыр-сырын меңгерген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Nauryz-2023" ұлттық отандық телесериалдар байқауында "Екінші пландағы үздік актриса" номинациясының иегері атанған Камалия Байтілеуова BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

Камалия, сіз 36 жылға жуық уақыт өнердесіз. Театр және кино актрисасы ретінде көптеген рөлдерді ойнадыңыз. Театр мен киноны қатар алып келесіз. Осы жолдағы алғашқы рөлдеріңіз туралы айта кетсеңіз?

Менің кинодағы алғашқы рөлім 1991-ші жылы Қырғызфильмнен басталды. Фильм "Аномалия" деп аталды. Режессері Геннадий Базаров. Ол жерде наркодиспансердегі медбике рөлін ойнадым. Ал "Қазақфильмдегі" алғашқы рөлім Жүсіпбек Қорғасбектің "Жансебіл" шығармасы бойынша түсірілген "Жансебіл" фильмі. Режиссері Аяған Шәжімбай бұл туындыны 1991 жылы түсірді. Бұл фильм "Алтын қорда" сақтаулы. Эпизодық рөлде ойнадым. Содан кейін Абайдың жастық шағы фильмінде Абайдың жеңгесінің рөлін сомдадым. Осыдан кейін араға 15 жыл салып киноәлеміне қайта оралдым. Алғашқы түскен отандық сериалым режиссер Айгүл Ақсамбиеваның "Айжан" телехикаясындағы Күләш рөлі. Мұнда күйеуінен айырылған көпбалалы ананың рөлін сомададым. Басына түскен көптеген қиыншылықтармен күрескен ана өмірі баяндалды. Осы киносериалдан кейін мені көрермен Күләш ретінде тани бастады. Ол уақыт мен телевидениеден кеткен ауыр кездер еді. Жұмыс іздеп жүрген кезім, кастинг өтетінін естіп аса қатты үміттенбесем де бардым.

Тіпті ол уақытта мамандығымды ауыстырып басқа салаға бет бұрсам ба деп жүрген кезім еді. Астанада тұратын қызымның құрбысы әдемілік салонын ашатын болып, мені сонда директор ретінде шақырды. Осылайша екіойлы болып жүрген кезеңде, маған "Сіз рөлге қабылдандыңыз, өттіңіз" деп хабарласқанда, өз-өзіме сенбей қатты қуанған едім. Алматыда қалдым. Осы телехикаядан кейін басқа жобаларға шақыра бастады. "Айжан" телехикаясындағы Күләш рөлі маған өте қымбат. Өйткені ол рөл өмірімнің қиын кезеңінде келді, сондықтан да өте бағалы.

Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды - Камалия Байтілеуова

Кейіпкердің өмірін өз ойында жаңғыртып, әр-түрлі мизансценаларды санасында құрастыратын, осы актриса алып шығады деп сенім артатын режиссер. Актер үшін ол - жауапкершілік. Айжан сериалындағы әйел образы, ию-қию кезеңдерге толы кейіпкер өмірін сомдауда маған сенім артқан режиссер Айгүл Ақсамбиеваға алғысым шексіз. "Айжан" телехикаясынан кейін Айгүл мені тағы бір жобасына шақырды. Ол "Құсайыновтар өмір жолы" сериалы. Мұндағы кейіпкерім Маржан көп ізденісті талап етті. Бұл фильмде Маржанның тағдыры әр-қилы, кейіпкерім баршылықта өмір сүрген, тәкәппар, безбүйрек мінезді өзінің дүниеқұмарлығынан көп оқиғаны басынан өткерген әйел.

Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды - Камалия Байтілеуова

Оның мінезін жеткізуде біраз қиындықтар болды, себебі бұрын-соңды мұндай бір адам тағдыры соншалықты өзгеретін оқиға желісі менде болған емес, табиғатыма қайшы рөл болды. Бұл рөлде кейпкерім бақуатты әйелден қаңғыбас деңгейіне дейін түседі. Мен кейіпкер бейнесін барынша ашу үшін, қала ішенен үй-күйі жоқ қаңғыбас әйелдерді іздедім, оларды таба алмағасын бірінші Алматы вокзалына бардым. Сол жерден таптым. Бір күн бойы солардың сыртынан мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, қимыл-әрекеттерін бақыладым. Өнер үшін, бейнені барынша ашу үшін бұл өте керек. Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды, өйткені ізденесің, үйренесің, бақылайсың, өзіңе де қызықты.

Сіз кино, әрі театр актрисасыз, қайсысының жүгі ауыр? Қайсысы сізге жақынырақ? Қай рөлдеріңіз сіз үшін ерекше?

Актер үшін екеуінің де жүгі ауыр. Мынау ауыр, мынау жеңіл деп қарауға болмайды. Айырмашылығы - кино көрсетеді, ал театрда ішінде отырып көресіз. Көрсететін дүниені қайта дубль жасап, монтаж жасап, кесіп, пішіп, әрлеп көрсетуге болады. Ал театр тірі ағза. Патша көңіл көрермен бар, ол сенің әрбір аяқ алысыңды, жүрек қағысыңды, тынысыңды естіп, сезіп, көріп отырады. Сенімен бірге күйініп, сенімен бірге сүйсініп, сол спектакльдің өн бойында сенімен бірге күледі, жылайды. Сондықтан мен үшін экранның ар жағына қарағанда, сахнаның алдында отырғандар жақынырақ.

Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды - Камалия Байтілеуова

Кинодағы ерекше атап кететін рөлдерім, режиссер Айгүл Ақсамбиева түсірген "Құсайыновтар өмір жолы" телехикаясындағы Маржан рөлі, "Ақ пен қара" сериалындағы Сәния, режиссері Берік Жаханов, "Ақ жауындағы" Жасынның мамасы Шолпан. "Жат бауырдағы" Сара Мұратқызы. Әрине кино да маған ерекше ыстық. Фильмдер маусым маусыммен түсіріледі ғой, біраз киноға шақырмай, арасында үзіліс болып қалса, түсіру алаңын сағынып тұрасың. "Камера, мотор" деген екінші режиссер бұйрығын сағынасың. Кино мен театрдағы әр рөлімді қатты бөліп жарып айта алмаймын, әр рөлім өзіме ыстық. Осы жылы наурызда менің өмірімде керемет үлкен қуаныш болды. "Ақ пен қара" телехикаясындағы Сәния рөлім үшін наурыз айында Астанада өткен "Наурыз-2023" ұлттық отандық телесериалдар байқауында "Екінші пландағы үздік актриса" атандым. Еңбектің бағаланғаны актер үшін әрине өте маңызды, қанаттандырады, алға қарай жетелейді. Образ іздеуде еңбектенуге күш-қуат береді. Бұл кинодағы алған алғашқы марапатым. Яғни мен бұрын-соңды мұндай байқауға қатысқан емеспін. Қазақтың "Оскары" деп атап жатыр ғой, мен өте қуаныштымын.

Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды - Камалия Байтілеуова

Театрға келетін болсам, театрдағы рөлдерім де бір төбе. Театрға жалпы мен 20 жасымда келдім. Әсіресе атап өтетінім халықаралық деңгейде жұмыс істеп жатқан, шет елде спектакль қойып жүрген режиссер Дина Жұмабай испаниялық драматург Федерико Лорканың "Оян, қалыңдық спектаклін" қойды. Сол спектакльде мен ананың рөлін ойнадым. Осы спектакльмен Еуропада өткен халықаралық спектакльдерге қатыстық. Қоюшы режиссер Фархат Молдағалидің "Қарагөз" спектакліндегі Мөржан рөлі, "Мұғалім" спектакліндегі Айша образдары да мен үшін өте ыстық.

Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды - Камалия Байтілеуова

Отандық телехикаялар түсірілімдерінде біраз тәжірибеңіз бар. Жыл өткен сайын сапа артып келеді деп жатыр, сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

Әрине, сапа артып келеді деп айтуға болады. Десекте, біз сападан гөрі рейтинг қуып кеткен секілдіміз. Сондықтан кей тұстарда сапаның керек деңгейіне жете алмай келеміз. Әрине бұрынғымен салыстыруға келмейді, дегенмен сол кино саласында бізде әлі де кемшін тұстарымыз көп. Әсіресе ақша үнемдеуге жақынбыз. Барлық продакшн сондай деп бәріне бірдей топырақ шашқым келмейді. Бірақ жақсы киноөнім түсіру үшін жақсы қаражат керек, ал сол ақша үнемдеудің кесірінен фильмдер талапқа сай болмай жатады. Тіпті түсіру алаңына актерлер кейде өз киімдерін алып барады, ол да біздің кемшілігіміз. Локацияны таңдағанда өзіне сай емес орын таңдалады, ол да үнемдеудің кесірінен, содан кейін жартыкеш кинолар шығып жатады. Болашақта жақсарады деп сенемін. Бірақ бұрынғығы қарағанда көш ілгері. Тағы бір кемшін тұсы түсіру алаңына көбінесе кәсіби актерлер емес көшеден актерлерді шақыру. Олардың кемшін тұсы, не сөзін, не ойын, не образды жіті жеткізе алмай жатады. Сондықтан да менің ойым әр салада өзінің кәсіби маманы болса деген наз ғана.

Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды - Камалия Байтілеуова

ТВ арнасында да біраз еңбек еттіңіз, тікелей эфирде жаңалық жүргізу оңай емес, қандай қасиеттер керек? Телевидениедегі жұмыс несімен есте қалды?

1998 жылы КТК телеарнасына кастингтен өтіп «Күндерек» ақпарат бағдарламасының алғашқы диктор-жүргізуші болып қабылдандым. Әрине театр мен телевидениені алғашқы екі жылда қатар алып жүрдім. Жаңалықтар тікелей эфирде шығатын болғасын 2000 жылы толықтай телевидениеге ауыстым. 2008 жылға дейін он жыл бойы осы арнада тікелей эфирде жұмыс істедім. Оңай емес, алдымен тіл тазалығы, дикция, дауысыңыз жағымды болу керек, мәтінді түсініп жеткізе білу керек. Жалпы дүниежүзінде және елде болып жатқан жаңалықтардан үнемі хабардар болып, тікелей эфирде сюжеттер ауысып жатқан кезде, эфирді ары қарай сызығын келтіріп жалғап кету қасиеті де болу керек. Бұл үлкен стресстөзімділік пен мұқияттылықты талап етеді. Телевидение де мен үшін үлкен мектеп болды.

Шәкірт тәрбилеу ойыңызда бар ма?

Әрине, шәкірт тәрбиелеу ойда бар. Кезінде Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық академиясында "Актерлік шеберлік" және "Сахна тілінен" сабақ бердім. Білгенімізді болашақ ұрпаққа үйрету ол біз үшін парыз. Сондықтан мен кезінде магистратураны да бітірдім. Педагогика ғылымдарының магистрімін. Менің еңбегім "Экран және сахна тілінің психологиялық аспектілері" деп аталды. Әзірше ұстаздық туралы еш жерге сұраныс жасаған жоқпын. Өйткені казірде театр мен кинодан қолым босап жатқан жоқ. Ал кино деген айлап кететін жер. Шәкірттер алдында жауапкершілікті сезіну керек. Жартылай сабақ беру деген болмайды, сондықтан оның да уақыты келер деп ойлаймын.

Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды - Камалия Байтілеуова

Өнер жолын таңдаған жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Өнер жолын таңдаған жастарға айтарым, алдымен өзіңіз таңдаған мамандыққа ғашық болу керек, сол мамандықтың биік шыңына жетем деп алдына мақсат қою керек. Сол жолда аянбай тер төгіп, еңбек ету керек. Жалпы қазіргі рейтинг пен танымалдық қуған заманда, негізгі назарды оған емес, тынымсыз еңбекке арнау керек дер едім. Болашақта осы мамандықты таңдап, өмірін өнер жолына арнаймын деген жастарға жеті ойланып бір кескен дұрыс. Өйткені актерлік ауыртпалығы мен жауапкершілігі мол мамандық. Осы саланы таңдаса табанды түрде жұмыс істеу керек. 

Маған табиғатыма қайшы рөлдер ұнайды - Камалия Байтілеуова

Жылына қаншама актер дайындалып жатыр. Олар сол жолда қалың көпшілік ішінен суырылып шыға алам ба деген сауалға жауап беру керек. Тоқтаусыз еңбек керек, 1 пайыз талант, 99 пайыз еңбек, ол рас.  Ал олай болмаған жағдайда мамандықты басқа саладан іздеу керек. Көбінесе актер мамандығын бітіріп басқа салаға кетіп жатқан жастар көп. 4 жыл уақытын өткізіп алады. Адамға ең керек нәрсе ол - уақыт, сондықтан оның қадіріне жетіп, өмірін өзіне ұнайтын, жанына жақын мамандыққа арнаған дұрыс деп ойлаймын.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет! Шығармашылығыңызға сәттілік тілейміз!

Өзгелердің жаңалығы