Алматыда өзін заңнан жоғары санаған жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы қаласының полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған видеосын жариялаған әйелді анықтап, тоқтатты.
Видеода әйелдің қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны және бұл талапты орындаудан ашық бас тартқаны көрінеді.
Тексеру барысында өзге де заң бұзушылықтар анықталды. Әйелдің бұған дейін сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, рөлге отырғаны белгілі болды.
Осыған байланысты оған қатысты бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық дерегі бойынша іс қозғалды. Атап айтқанда, көлік басқару құқығынан айырылғаннан кейін көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін пайдалану талабын бұзу, сот шешімін орындамау және жалған ақпарат тарату фактілері бойынша материалдар рәсімделді. Жинақталған материалдар сотқа жолданды. Автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылды. Сонымен қатар көлік басқару құқығынан айырылған адамға автокөлігін берген көлік иесі де жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлады Алматы қаласының ПД баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, ешқандай таныстық та, байланыс та, орынсыз мәлімдеме де заң талаптарын бұзуға негіз бола алмайды.
Өзін жауапкершіліктен тыс санап, заңды елемеу ешкімді жазадан босатпайды. Заң талабы баршаға ортақ.